«Рабат» сөзі не мағына береді?

Оқырмандарымыздың қатары көбейген сайын, газетіміздің атауы «Оңтүстік Рабаттың» не мағына беретіндігін сұрайтындар өте көп
Оқырмандарымыздың қатары көбейген сайын, газетіміздің атауы «Оңтүстік Рабаттың» не мағына беретіндігін сұрайтындар өте көп
Оқырмандарымыздың қатары көбейген сайын, газетіміздің атауы «Оңтүстік Рабаттың» не мағына беретіндігін сұрайтындар өте көп

Білгенімізді бөлісіп, білмегенді сұрау әбестік емес. Білуге ұмтылғанымыз жөн-ау. Оқырмандарымыздың қатары көбейген сайын, газетіміздің атауы «Оңтүстік Рабаттың» не мағына беретіндігін сұрайтындар өте көп. «Оңтүстік» дегеннің мәнін білеміз. Ал «Рабат» не мағына береді деген оқырмандарымыздың сұрағына жауап беру үшін алдымен тарихшы, аудармашы, тіл мамандарының пікірін білгенді жөн көрдік.

Анығы сол, «Рабат» араб тілінен енген сөз екен. Сөздіктерден аңғарғанымыздай, «қала», «бекет» деген мағынаға келіңкірейді. Көптеген тарихшы ғалымдардың айтары осыған саяды. Газетіміздің тұрақты оқырманы, тарихшы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, «Рабат» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Көптеген мағыналарының ішінде «күшейтілген бекініс», «бекет» деген ұғымдардың жаны бар секілді. Егер Қызылорда облысының аумағында орналасқан ежелгі «Шірік-Рабат» қалашығының өзіміздің өңірдегі «Рабат» (Қазығұрт ауданы), «Сұлтанрабат» (Төлеби ауданы) ауылдарының, Қырғызстандағы Таш-Рабат (Нарын облысы), Өзбекстандағы Кошрабат, Рабат-Мәлік (Науайы облысы), Мырза-Рабат (Жызақ облысы) ежелгі сәулет ескерткіштерінің орналасу жағдайына тереңірек үңілсек, аталған елді мекендерге «бекет» атауы дәл келеді. Біздің өлкемізде архитектуралық құрылыс ретінде рабаттар араб шапқыншылығынан кейін пайда болған. Алдымен күшейтілген бекініс ретінде іргесі қаланған рабаттар бірте-бірте сауадагерлер тоқтайтын бекеттерге айналған.

Діндарлардың сөзіне сүйенсек, Қасиетті Құран Кәрімде рабаттар салудың сауабы мешіт салғанмен бірдей делінген екен», – дейді Ө. Шыныбекұлы. Бұл жайында жазушы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлының да айтар уәжі бар. Ол «Рабат» атауының түп-төркінін Қоқан хандығының тұсымен байланыстырады. Қоқан хандығы қазақ жеріне үстемдік еткен кезде шабармандарының тоқтап, түнеп кетуі үшін бекеттерді тұрғызыпты. Яғни бекетте шабармандар ат ауыстырады. Осындай тұрақтар «Рабат» аталса, ал билеуші хандарының отыратын орны «Рабатхана» делінген. Момбек аға орыстар жерімізге иелік еткеннен кейін, «Рабат» атауы қолданыстан шықты дегенді меңзейді. Ал аудармашы Нұржан Сәдірбекұлы орта ғасырлардағы қаланың ең көп халқы, өмірі қайнаған ауданы рабат аталған деген пікірде. «Археологтардың пайымдауынша, Орта ғасырлық азия мұсылман елдеріндегі қалаларының құрылымы: шахристан, рабат болып бөлінеді. Қаланың орталығы шахристан, қаланың орталығына жақын орналасқан, бірақ, қамал сыртындағы саудагерлер, қолөнерші ұсталар тұратын ауданды Рабат деп атаған.

Рабатта керуенсарайлар, базарлар көп болған. Рабат сөзін филологиялық жағынан талдағанда, ол елді мекен, қонақтап ас-су ішетін жер, шекарадағы бекініс деген мағынаны аңғарамыз. Яғни Рабат міндетті түрде қаланың ішінде емес, өз алдына жеке елді мекен, жол бойына салынған бекінісі мықты керуен сарай. Мәселен, Марокконың астанасы және Мальтадағы бір қаланың аты Рабат. Иранда тарихи керуенсарайлардың көбі Рабат деген атауға ие», – дегенді алға тартады. Мінеки, оқырмандарымызға таңсық көрінген «Рабат» атауының мән-мағынасы осындай.

Тағабай ҚАСЫМ