Көктүтінге тұншыққан қала! Көліктерден шығып жатқан түтіндегі ластағыш затты анықтау үшін арнайы акцияға кіріскен мамандар алғашқы күні-ақ Шымкентті осылай атады. Өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының арнайы құралы темір тұлпарлардың барлығы дерлік сіз бен біз тыныстайтын ауаны ластап жатқанын бірден анықтады. Мұнан соң біз неге жиі ауырамыз деп сұрамауға да болады!
Желмен жарысып, жүйіткіген көліктердің айшылық алыс жерлерге жылдам жеткізгенімен, түтінінің денсаулыққа қаншалықты зияны келіп жатқанына мән бере бермейміз. Ескермейтінімізді бүгін мамандар еске түсіргендей. Алғашқы тоқтатылған көліктің шыққан зиянды заттың мөлшері қалыптан асып кеткен. Енді темір тұлпар тізгіндеген 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Айдос Заманбек, «Оңтүстік» өңіраралық көліктік бақылау испекцияның бас маманы: «Мынау ауаны ластағыш затты құралмен тексерген кезде, белгілеген мөлшері 40 болуы керек, бірақ көрсеткіш одан асып 45 болды. Хаттама толтырдық, енді көлік иесі айыппұл төлейді»
Акцияның алғашқы күнінен соң , ескетуді ескермегендер келесі жолы айыппұлды асырып төлейтінін айтып отыр инспекторлар. Айлықтың ішінде жағдайдың ретке келеріне әрине күмән бар. Өйткені сұйық отынынын сапалыға ауыстырғанымен, тұлпарларының тозығы жеткені тағы бар. Ал алғашқы тексерілген 5 көліктің үшеуі ауаны ластауға айтарлықтай ықпал етіп отырғанына қарап экологтар алаңдап отыр.
Ержан Мұсабай, ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалаунды реттеу басқармасының бас маманы «Бұл дегеніміз оңтүстікте ауаның тым ластанып кеткенін көрсетеді. Бір ғана көліктен осындай зиян келіп жатса, зауыттар туралы әңгіме бөлек».
Жас Отанның еріктілері, ІІД-і, жол полицейлері және экологтар бірігіп бастаған «Экосақшы» акциясы ұйымдастырушылардың айтуынша нәтиже беретін секілді. Бүгінгі бет алыс жаман емес. Бірақ аяқ астынан түтінді тексергендердің тірлігі жолаушылардың ызасын келтірді. Көлденең тұстан көлік тексергенше, жолды жөндемей ме ашынды. Бір белгілісі республика аясындағы айлық жоба нәтижесінде еліміздегі қай қаланың ең лас екені анықталатын болды. Көркемдігі жағынан көшбастаймыз деп жүргенімізде, темір тұлпарды тізгіндеп, шайтан арбаға шікірейіп қарайтындардың арқасында шахарамыз ауасы зиынды аймақтардың арасында алға шықпаса болғаны.