Биыл Шымкентте 105 көпқабатты үй де жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал наурыз айында былтыр жырға арналып, бітпей қалған үйлердің жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл туралы тұрғын үй инспекциясының бастығы Берік Әлзақов әкімдіктің мәжілісінде жария етті. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары да пысықталды.
Осыдан екі жыл бұрын пилоттық жоба ретінде басталған тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының арқасында Шымкенттегі жиырмадан аса үйдің көрік кірді. Сырт келбеті жылтырап, қала көркін аша түскен жаңғыртудың да жаңғырығы қатты шықты, сол кезде. Сәнін келтіреміз деп бел буған ағайынның төбесінен қар мен жаңбыр суы сорғалап, сорлап қалғандары да болған.
Халықтың жанайқайы мердігерлерді де аяғынан тік тұрғызған болатын. Алайда әлі күнге дейін жаңғырту жұмыстары бітпеген үй бар. Мұның себебін сол мердігер компаниялардың салғырттығынан дейді инспекция бастығы Берік Әлзақов.
Берік Әлзақов, қалалық тұрғын үй инспекциясының бастығы: «Жоспарсыздықтан ба, жобасыздықтан ба, әйтеуір, қаспетті қаптайтын қаңылтырларға зиян келген. Шатырын жабарда қауіп төнген. Сол үшін салғырттыққа жол бермеу керек деп ойлаймын .»
Жиын барысында белгіленген мерзімде жөндеу жұмыстары аяқталмаса, жауапты мамандар да жауапқа тартылсын деген ұсыныс айтылды. Ал жауаптылар екінші деңгейлі банктерден есеп-шот ашып, халыққа түсіндіру жұмыстарына келгенде ақсап жатқандарында жасырмады. Жөндеу жұмыстарын өте қымбат бағада жүргізетен серіктестіктерді мәслихат депутаттары қадағалауға алмақ.
Былтыр көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шеттегі шағынаудандарға биыл төніп тұрған қауіп жоқ. Бадамдықтарды балшық суға батырған Аксу-Карабастау каналы қалпына келтірілген.