Шымкенттің мұғалімдері оқушыларға тәрбие беріп қана қоймай, спорт саласында да шеберліктерін көрсететін болды. Бүгін №72 мектеп ғимаратында қалалық мұғалімдер спартакиадасының ашылу салтанаты өтті.
Сайысқа қаламыздағы 90 — ға жуық мектептен 4000- нан аса білім қызметкерлері қатысып, бақтарын сынайды. Олар бес күн бойына кіші футбол, шахмат, нысана ату, үстел теннисі мен гир тасын көтеру сынды сындардан өтеді.
«Мұғалімдер арасындағы спорт үздіктерін анықтаумен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараның жеңімпаз мұғалімдері категориясын жақсарту кезінде ескерілетін болады»,- дейді қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева.
Айта өтейік, дәстүрлі мұғалімдер спартакиадасының 2012 жылғы жеңімпаздары №72 мектептің ұжымы танылған болатын.
«Жеңіс Кубогы біздің қолымызда. Биыл да былтырғы серпінмен өнер көрсетіп, атағымызды қорғап қаламыз деген ойымыз бар. Жеңісті өзгелерге беру ойымызда жоқ. Сондықтан өзгелерге сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілейміз», — дейді № 72 мектептің қатысушы оқытушылары.
Ал үздіктер 1 сәуір күні белгілі болады. Оған дейін қатысушылар қаламыздағы бірнеше аудан бойынша жеке-жеке бақ сынасып, іріктеуден өткендер қалалық деңгейдегі жеңіске таласатын болады.