Жалғызбасты әйел несиенің кесірінен пәтерінен айрылды

215
Сот орындаушылары қарсылыққа тап болды
Сот орындаушылары қарсылыққа тап болды
Сот орындаушылары қарсылыққа тап болды

Баспана үшін болған жаға жыртыс! Шымкентте банкке қарызы бар бір отбасы пәтерден қуылды. Өз үйін кепілдікке қойып, несие алған жалғызбасты ана Нұржамал Бапаева несиесін өтей алмаса керек. Сот орындаушылары сол үшін борышкерді үйінен қуып шықты. Бірақ, оның қолдаушылары да көп екен. «Өз үйімізді қорғаймыз» қоғамдық ұйымының өкілдері борышкер келіншекке араша түспек болды. Осылайша екі арада қып-қызыл төбелес болды.

Қып-қызыл төбелес сәті
Қып-қызыл төбелес сәті

Сот үкімін орындау үшін пәтерді босатуға келген сот орындаушыларын бір топ әйелдер баспалдақтың үстінде қарсы алды. Олардың барлығы өз пәтерінен қуылған Нұржамал Бапаеваға қол ұшын беру үшін жиналған. Қыз-келіншектердің ашуланғандары сонша, сот орындаушыларын сабап тастады.

Анық болғандай, баспанасынан шығарылған әйел пәтерін кепілдікке қойып, банктен 2 миллион теңге несие алған екен. Оны дер кезінде қайтармағандықтан, үстіне өсімпұл қосылып, қарызға белшесінен батқан. Содан банк борышкердің пәтерін алып қояды. Бірақ, «Өз үйімізді қорғаймыз» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сот орындаушылардың бұл тірлігі заңға қайшы деп отыр. Олар борышкер келіншекке Жоғарғы соттан хат келген дейді. Онда «сот шешімі үш айға тоқтатылсын» деп жазылыпты. «Сонда қағаз артық па, адамның өмірі артық па?» деп ашынады қоғамдық ұйымның өкілдері.

Сот орындаушылары пәтердегі барлық мүлікті тізімге алып жатыр
Сот орындаушылары пәтердегі барлық мүлікті тізімге алып жатыр

Ал сот орындаушылары «пәтерді босату жөнінде үкім шыққан. Яғни, біз тек заң жүзінде әрекет жасап жатырмыз» дейді. Сот шешіміне сәйкес, Нұржамал Бапаева баспананы өткен жылы босатуы тиіс екен. Осыны айтқан сот орындаушылары пәтер ішіндегі барлық дүниені тізімге тіркей бастады. Кейін осы тізімнің көшірмесі борышкерге тапсырылады. Мүліктерді қайтарып алған кезде сол тізіммен салыстыруы үшін.

Ал осы арада пәтерінен қуылған жалғызбасты ананың жағдайы нашарлап кетті. Нұржамал Бапаева сот орындаушылары келген сәттен бастап бүк түсіп отырып қалған. Біраздан кейін денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Оқиға орнына екі бірдей арнайы топ келді. Дәрігерлер әйелге алғашқы көмек көрсетіп, ары қарай ауруханаға алып кетті. Оның соңынан «Өз үйімізді қорғайық» қоғамдық қорының өкілдері «Нұржамал, біз сені тастамаймыз! Қорықпа! Біз сенімен біргеміз!» деп айқайлап қалды.

Осылайша атышулы оқиғаның дауы жуық арада басылмайтын секілді. Өйткені қоғамдық ұйымның өкілдері екі балалы Нұржамал Бапаеваны қорғау үшін енді Жоғарғы сотқа шағымданамыз деп отыр.

Нұржамал Бапаеваның денсаулығы нашарлап кеткендіктен, дәрігерлерді шақыруға тура келді
Нұржамал Бапаеваның денсаулығы нашарлап кеткендіктен, дәрігерлерді шақыруға тура келді

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=8z_Bmw2jSSQ[/youtube]