Құртты құлпыртып жіберді

387
арасында алқызылы да бар
арасында алқызылы да бар

Шымкенттік студенттер ұлттық тағамды танымал етудің тәсілін тауыпты. Қаладағы аспаздар дайындайтын колледждің 1-ші курс студенті кәдімгі құртты түрлі-түсті етіп жасауды ұсынып отыр. Ажар Аштан үйдегі іні-сіңлілерінің құртқа тәбеті бола бермейтінін байқайды.

С дәруменіне бай бұл өнімнің өскелең жастың физикалық тұрғыдан дұрыс жетілуіне септігі мол екені белгілі. Сол үшін «құртты қалай оларға жегізсем болады» деп ойланған қаршадай қызға құрттың құрамына дәмдеуіштер қосу туралы идея келеді. Және оларды пайдалы өнімдерден алуды ойластырады. Нәтижесінде өнім жасыл, алқызыл, сары және қызыл түсті иеленеді.

Ұлттық өнімге түрлі реңк беру үшін тек табиғи өнімдер қолданылады, оның ішінде қызылшаның және сәбіздің шырыны, жаңғақтың дәндері бар. Бұл тұста колледж инновациялық көрмеге әзірленіп жатты және оларға ұшқыр жоба қажет болды. Нәтижесінде қазылар алқасының назарына тың әзірленімдер ұсынылды. Шәкіртінің жаңалығын ұстаздары жетілдіріп, қарапайым құртқа түрлі дәмдеуіштер қосу арқылы оның емдік қасиетін арттыруды қолға алды.

Идеяның авторы құртты әр түрлі пішінде шығаруды да қолға алмақшы. Осылайша аспаз қазақтың құртын құлпыртып, денсаулыққа пайдалы тағам ғана емес оны танымал тауарға айналдырмақ. Бұл бастаманы заң жүзінде тіркеп, оған патент алуды да ойластырып отыр. Себебі, ұлттық сусынымыз қымызды Германия әлдеқашан иемденіп алған.

«Патент құрттан да айрылып қалмаудың жолы» дейді автор. Өнертапқыш түрлі-түсті құрттардың ұлттық брендке айналып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде еліміздің мақтанышы болатынына да сенімді.