Бұзылатын баспаналар мәселесі тұрғындардың құтын қашырды. Қошқар ата өзенін бойлай орналасқан үйлердің иелері тағы да шулап жатыр. Олар билік үйімізді тым арзанға бағалауда деп наразылық білдіруде. Бүгін өзен бойындағы үй иелерімен қала әкімінің орынбасары кездесті. Бірақ айтқан басуы ашулы тұрғындарға ұнамаған секілді.
Қошқар ата өзені абаттандырылады дегеннен бастап, тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған. Күлтөбенің басында күнде жиын. Жиналған жұрт көшуге емес, бұзылатын үйіне берген өтемақыға келіспейді.
Махаббат Жұмағалиева: «Өкіметтен үй алсаң, квадрат метрін 1400 доллардан береді, ал біздің үйлердің квадрат метріне 395 доллар төлеп отыр. Халық үйін су тиынға бағалағаны үшін наразы. Көшпейміз деп даурығып жатқанымыз жоқ, тек бағасын көтерсе болғаны. Сосын осы жырды естігелі 3-4 әкім ауысты. Халықтан тыныштық кетті. Бізді жылатпасын, халық жыласа жаман болады».
Наразы топтың бүгінгі жиынына қала әкімінің орынбасары келіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Айтуынша, өзеннің жағалауын көріктендіру үшін мұндағы 158 үй бұзылады деп бекітілген. Бүгінгі таңда 111 нысанның бағасы шығып бітіпті. Алайда, 60 үй онымен келіспеген. Деседе шенеунік бағаны билік ойдан шығарып отырмағанын, белгілі заңға сүйеніп жасалғанын айты. Сондай-ақ, бұл жердің басым бөлігі мүлікті түгендеу кезінде тегін жекешелендірілген болып шықты.
Бақытжан Әшірбеков, қала әкімінің орынбасары: «Кезінде сіздер бұл жерді тегін алдыңыздар. Тек құжаттарды даярлауға ғана ақша төлеген шығарсыздар. Десе де, бүгінгі таңда мемлекет сіздерге тиесілі әрбір жерге қаржы бөлді».
Заңды әрі нақты жауап берген қала әкімінің орынбасары белгіленген бағаға келіскендердің өтемақасы бір -екі айдың көлемінде төлене бастайтындығында жеткізді. Ал өзгелері өліспей беріспейміз дегенді бұл жолы тағы ескертті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=omLLU5A5L3s[/youtube]