Қошқар ата өзенінің ластануы тұрғындарды алаңдатып отыр

393

Шымкентте Қошқар ата бойында тұратын тұрғындар өзен арнасын ешкім тазаламайды деп шағымданады. Айтуларынша, «Шымкент Плаза» сауда үйі жақтан келетін құбырдан өзенге лас су ағады екен. 

Бұл видеоны телеарна редакциясына тұрғындар жіберді. Кардлардан құбырдан Қошқар ата өзеніне су ағып жатқанын көруге болады. Түсірілім тобы бейнежазбада көрсетілген жерге барып көрді. Расында су әлі ағып тұр. Тұрғындар бұл қайдан келетін су екенін білмейді. Бірі кәріз суы десе, енді бірі арық суы екенін айтады.

Гүлжанат Елбасиева, тұрғын:
«Арықтарда су жоқ қой. Қандай ирригация? Қала бойынша ирригацияда бір тамшы да су жоқ. Ал бұларда тоқтамайды ғой. Бұл қазір аз ағады таза ма, порошок су ма білмеймін. Әр организация су ағыза берсе, бұл не болады?».

Тұрғындар өзен бойына жиналатын қоқыстарға да шағымданды. Күннің ыстығына жақын маңдағы жалғыз паналайтын орын су жағасы екенін айтады. Алайда, жиналатын қалдықтардан жағымсыз иіс шығатынын жеткізді. Оның өзін ешкім тазаламайды дейді.

Бірақ түсірілім тобы тура тазалау жұмыстарының үстінен түсті.

Нұрболат Айдар, тазалық қызметкері:
«Аптасына бұл жерге 3 рет келеміз. 3 рет келіп өстіп тазалаймыз суға батып. Күнәра келіп тұрмасақ болмайды, толып кетіп жатыр. Асты терең әрі батпақ. Иә, тұрмыстық қалдықтар. Қолданыс, магазин заттары сондайда бәрі бар алтыннан басқа».

Әл-Фараби аудандық әкімшілігінің өкілдері судың нақты қайдан келіп жатқанын айта алмады. Қаншалықты заңды екенін де білмейді. Бірақ жақын арада бәрін анықтайтындарын жеткізді.

Мұхтар Төлеуіш, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің өкілі: «Ирригация бөлімінен анықтадым, қазір мынау ішкі жаңбыр сулары ағатын труба екен. Заңды, заңсыз екенін қазір анықтаймыз».

Құбырдан аққан судың қайдан келетінін білу үшін Шымкент плаза ойын-сауық орталығына беттедік. Сауда орталығының өкілі өзенге ағып келіп жатқан жаңбыр суы екенін айтты. Сөзінше, барлығы заңды. Оған қоса жиналған су бірнеше кезеңнен тұратын тазалаудан өтетінін жеткізді.

Бунед Рахманулов, «Шымкент плаза» ойын-сауық орталығы директорының орынбасары:  «Қошқар ата өзеніне түсетін ол жаңбыр сулары біздің Шымкент плаза сауда орталығының шатырынан, автотұрағынан, қала жолдарынан ағып, тазалау жүйесіне түседі. Ол жүйенің ішінде 2-3 этаптан өтіп тазаланады. Кейін 3 этаптан өткеннен кейін Қошқар ата өзеніне түседі. Проект бойынша бізде қалалық өкілдермен келісілген. Дәлелдеуші құжаттар бар».

Ал, қазір құбырдан ағып жатқан су болса, Шымкент плаза өкілінің айтуынша жасыл-желекті суарғанда жиналатын су екен.

                                                     Олжас Айдарбек