Алаяқ ардагерлерді аяған жоқ. Шымкенттегі қарттардың үйіне барып ақшасын алдап алып келген алаяқ әйел қолға түсті. Қарияларға, жеңіс күніне арналған шақыру қағазын беремін деген сылтаумен келіп, жиған-тергендерін түгелдей үптеп кеткен. Әккі әйел өзін әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы ретінде таныстырыпты.
Шақыру қағазымен қоса, қалада ескі купюраларды жаңасына алмастыру акциясы жүріп жатыр деп, қарттардың жүз мыңдаған ақшасын қолды еткен. Алаяқтың арбауына түсіп қалғандардың бірі – 88 жастағы Мария Андреевна. Алаяқ келіншек кейуанадан 400 мың теңгесін жалған ақшаға айырбастап, қашып кеткен. «Мен ақымақ болып, ақшамды ауыстырып беруді өзім сұрандым. Қолына барымды ұстатып жібердім» – деп ашынады зейнетақыға ғана күнелтіп отырған Мария әжей. Алаяқ әйел лезде барып кейуананың ақшасын жасанды купюраларға ауыстырып қолына ұстатқан. Сіңілісі келіп, оның жасанды ақша екенін айтпағанда, әжей білмей де қалуы мүмкін еді.
Опық жеген зейнеткер өзге замандастарының қамын ойлап, бірден ішкі істер бөліміне шағым түсірген. Жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде, Абай АІІБ-нің қызметкерлері базадағы мәліметтер арқылы алаяқтың жеке басын анықтап, күдікті ретінде 1976 жылы туған жергілікті тұрғынды құрықтады. Қазіргі таңда, ұсталған күдіктінің осы тектес шағымдарға және алаяқтық қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда. Осы оқиғаға байланысты 177-бабтың «Алаяқтық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Соңғы кездері елімізде осындай оқиғалар тым жиілеп барады. Тәртіп сақшылары алаяқтықтық жасаушылардың дені әйелдер екенін айтады. Әккілердің құрығына түсетіндердің де көбі нәзік жандылар. Олардың әлеуметтік жағдайын түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналастырудан бастап, мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жұмыстарнына көмектесуге уәде етеді. «Жеңілдетілген несие алып беремін» деп сазға отырығызып кететін «қамқор» алаяқтардың өзі бір төбе. Жалпы, алаяқтың арбауына түсіп қалмаудың жолы қайсы? Ол үшін алдымен алаяқтық дегеннің не екенін түсініп алу керек.
Алаяқтық – алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғу, иә болмаса бөтен мүліктің құқығына ие болу арқылы іске асатын қылмыс болып табылады. Қазақстанда алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Қылмыстық кодекстің 177-бабына сәйкес, осы қылмыс үшін олар жауапқа тартылады. Алаяқтық үшін берілетін ең жоғарғы жаза – бас бостандығынан 10 жылға дейін айыру. Алаяқтықтың негізгі ұстанымы – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай заттардың құқын ерікті түрде бергізу болып табылады. Бұл «еріктілік» алаяқтықты басқадай ашкөздік қылмыстардың ішінде ерекше етеді. Біріншіден, алданған адамдар өзінің алданғанын білсе де, құқық қорғау органдарына өтініш бермейді. Екіншіден оңай алданып қалғанына арланады, үшіншіден, арыз түсіргеніммен ештеңе өнбейді деп есептейді. Төртінші, мұндай қылмысты дәлелдеу өте қиын, себебі алдау фактілері объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді.
Алаяқтық адам психологиясын және оның әдеттегі әрекетін жақсы білуге негізделген. Бұл арада адамгершілік ұғымы туралы әңгіме болмайды. Олар өз әрекетін алдын ала тізбектелген жоспар арқылы іске асырады. Оның тәсілдері мүлде қарапайым болуы да мүмкін. Кейде олар, топ болып әрекет етіп, өз құрбандарын алдын ала жоспарға сәйкес үгіттеп, алдайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін ескеріп, соны пайдаланып кетеді. Алаяқтар сонымен қатар, адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олар басқа да қылмыскерлер мен басбұзарлардан өзгеше болады. Негізінен әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым адамдар болып келеді. Әдетте таза әрі әдемі киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыруға тырысады.
Алдау-арбау жолында жүрген жұбайлық жұптар да кездеседі. Олар тез әрекет етіп, басқадай ақпарат алуға мүмкіндік бермейді. «Тез шешім қабылда, әйтпесе үлгермейсің» деп асықтырады, ойлануға уақыт қалдырмайды. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр болады. Жапа шеккен адамдар әдетте: «Не болғанын түсінбей қалдым», «Гипноз жасады ғой деймін», «Ол сондай сенімді сөйлегендіктен нанып қалдым», – дегенді жиі айтады. Алайда, адамдар алданбаймын деп тұрса да ондай жылпостардың айтқанын қалай істеп, жетегінде кеткенін білмей, сезбей де қалады. Сот практикасы көрсеткендей, алаяқтар әртүрлі сылтау мен зәбір көрушілердің мүлкін толық немесе жартылай алып, өз уәдесін қысқа мерзімде орындауға сөз береді. Алаяқтық – ұрлық жасаудың бір түрі дейді құқық қорғаушылар. Алдау-арбау, сенімге кіру арқылы кейбір қылмыскерлер бөтен адамның мүлкін, ақшасын алып пайдаланып кетеді. Осындай бойы бұлғаң, сөзі-жылмаң адамдардан сақ болыңыздар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GF9ukHAf7jw[/youtube]