Аутизм алаңдатады

Шымкентте тұратын Алтынбековтер отбасының кішкентай мүшесі Айбек те аутизммен ауырады
Шымкентте тұратын Алтынбековтер отбасының кішкентай мүшесі Айбек те аутизммен ауырады
Шымкентте тұратын Алтынбековтер отбасының кішкентай мүшесі Айбек те аутизммен ауырады

Қоғамда көп айтыла бермейтін дерттің бірі – аутизм. Елімізде бұл ауру туралы ақпарат аз, ал кеселмен күресіп жүргендер көп. Әлем бойынша 67 миллион адам аталған дертпен арпалысса, қазақстандықтардың үлес салмағы мыңнан асып жығылады. Ал Оңтүстікте 60 бала «аутист» деген диагнозбен өмір сүреді. Бұл ресми тіркелгені ғана. Олар жүйке аурулары диспансерінде емделетіндіктен, емхананың атынан қорқып, баласын есепке ілмей жүргендер.

Аутизм – ми жұмысының бұзылуынан туатын ауру. Мамандар дерттің 300-ге жуық себебін атап отыр. Бірақ нақты тұжырым, дәйекті дәлел жоқ. Елімізде 50 баланың бірі аутизмге шалдығады екен.

Дертті бірден аңғару мүмкін емес. Көбіне 2 және 5 жас аралығында анықталады. Онда да «баласы жынды» деген сөзден қашқан, әке мен шеше дүмше молдаларды жағалап, дем салдырып, тұмар тағып, түкіртіп, алтын уақытты жоғалтып жатады. Орны толмас өкінішке алып келетін жағдай да осы. Себебі баланың бойындағы қандай да бір өзгерісті байқай сала дәрігердің кеңесін алғандар жазылып кету мүмкіндігіне ие.

Аутизмнің алғашқы белгілері қандай болады? Мұндайда баланың жалпы дамуы тежеледі. Мінезі тұйықтала түседі. Атын атап шақырса, елең етпеуі де мүмкін. Өзге балалармен де ойнамайды. Танып-білуге ұмтылмайды. Тіпті жаңа ойыншық та оны қызықтыра алмайды. Яғни, мұндай балада қалау, сағыну, аяныш, өкініш, қамқорлық сияқты адами сезімдердің ешқайсысы болмайды. Оған бәрібір. Өз әлемінде, өзімен өзі өмір сүреді. Тәулік бойы ұйықтамай жүре беруі мүмкін. Ештеңені қажет етпейді.

Мамандар аутизмнің 10 түрі бар екендігін айтады. Әрқайсысы науқас баланың психикалық ерекшелігіне қарай емделеді. Бұл дертке шалдыққан кейбір балалардың интеллектуалдық қабілеті аса жоғары болады. Сенсеңіз аутист ғалымдар да бар. Бұл жағдайды дәрігерлер жоғарыда айтылған психикалық ерекшеліктерге байланысты жіктейді. Облыстық жүйке аурулары ауруханасының балалар психиатры Тұрсынай Момынованың айтуынша, аутистер – есалаң емес. Мұндай балалардың қарым-қабілетін жоғары бағалау керек. Қоғамнан оқшауланған балалардың басты мәселесі де сол – айналадағы адамдармен қарым-қатынастан бойын алшақ ұстау. «Олардың өз әлемі бар. Мұндай адамдар бойындағы қабілетін көп ретте көрсете алмайды, бірақ оларды ақымақ деу қателік. Аутизмге шалдыққан балалардың бойындағы қарым-қабілетті байқап, аша білу керек. Әлем мамандарының жүргізген зерттеулерінің нәтижесі көрсеткендей, олардың әлемді қабылдауы өзгеше және сау адамдарға қарағанда милары әлдеқайда дамыған.Тіпті кей науқастың есте сақтау қабілеті де бізге қарағанда жақсы» – дейді Тұрсынай Жұмәліқызы.

Шымкентте тұратын Алтынбековтер отбасының кішкентай мүшесі Айбек те аутизммен ауырады. Ата-анасы балаларының бойындағы ауытқушылықты сәби 2 жасқа толғанда байқаған. Айбек қазір 5 жаста. Осы күнге дейін талай медициналық мекеменің табалдырығын тоздырды. Баланы сан түрлі дерттен емдеді. Нақты диагнозды ешкім қоя алмаған. Тек былтыр алматылық дәрігерлер балаға «аутизм» деген диагноз қойып, арнайы есепке алады. Аталған дерт туралы бұрын соңды естіп көрмеген ата-ана бар ақпаратты ғаламтордан тапқанын айтады. Айбек үйінің үшінші перзенті. Үш сау баланың ортасында өсіп келе жатқан баланың сауығып кетеріне ата-анасы сенімді. Тек мемлекет тарапынан қолдау не жәрдем көре алмай отырғандарына наразы. «Біз сияқты ата-ана үшін ақпарат орталығы, психологиялық кеңес беру сияқты кабинеттер болса екен» дейді олар.

Аутист балалар суды өте жақсы көреді. Сондықтан оларды «жаңбыр балалары» деп атайды. Бұл балалар суды көргенде ғана эмоциялық әрекет жасауы мүмкін. Дамыған елдерде арнайы терапия бар. Ол дельфиндермен емдеу. Дельфинотерапия арқылы аутист балалардың 70%-ы жазылып кетеді деген тұжырымдаманы ғалымдардың дәлелдеп шыққаны қашан. Өкінішке орай, Қазақстанда емнің бұл түрі жоқ. Жануарлармен емдеу жағы да ақсап тұр. Иппотерапияны қолға алып едік, арнайы мамандар мен қаржының тапшылығынан ол да тұралап қалды. Жылқымен серуендеу емін қазақтан артық білетін жан жоқ десек, бұл жағдай қазақтығымызға сын болып отырғаны да рас.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

Тұрсынай Момынова
Тұрсынай Момынова

Тұрсынай Момынова, балалар психитары

– Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себебі анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизммен ауырған балалардың орталық жүйке жүйесі бұзылған. Тұқымқуалаушылық фактордың да әсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды.Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да жиі кездеседі. Бір жағынан елімізде аурудың белең алуына ата-аналардың аутизм дертінен бейхабар болуы себеп. Сол үшін, ата-аналармен жұмыс жасау аса маңызды. Тағы бір мәселе бар. Мемлекет бұл балалардың білім алуына жағдай жасап жатқан жоқ. Оның себептері түсінікті. Қаржы жетіспеушілігі мәселесі ғой. Арнайы мамандарды дайындау керек. Мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарастырған жөн. Аутист балаларды психологиялық тұрғыдан қолдаған дұрыс. Қазіргі кезде осындай қаншама балалар мектепке бара алмай отыр. Сол жағдай бізді алаңдатады. Күннен-күнге аутист-балалардың саны өсіп келеді. Бұл мәселеге селсоқ қарауға болмайды. Балаларды қазірден бастап қоғаммен араластырғанымыз жөн.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TxLKfGO0L2c[/youtube]