Биыл туберкулезге шалдыққандар саны 10 %-ға артқан

25
Фото: Отырар.кз

Биыл туберкулездің 233 жағдайы тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Оның басым бөлігі өкпе туберкулезі. Сондықтан мамандар сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Жыл басынан бері Шымкентте туберкулездің 233 жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы статистикамен салыстырғанда 10 %-ға өскен. Жасы 50-ді еңсерген қала тұрғыны Алмагүл осыдан жарты жылдай бұрын аталған ауруға шалдыққан. Бірақ бірден білмепті. Үй жағдайында ем алған келіншек, әлсіреп кеткенде барып дәрігерлерге жүгінген. Емдеу шарасынан толық өткен ол қазір жағдайының жақсарғанын айтады.

«Үйде ешкім ауырмаған. Басында өзім емделдім, қақырыққа қарсы дәрілер ішіп жүрдім. Әрсіреп кеткеннен соң осы жерге келіп қаралдым. Жақсы қарады. Қазір жағдайым тұрақталды», — дейді қала тұрғыны Алмагүл.

Ел арасында бұл дертке душар болғандарға қатысты түрлі алып қашпа әңгіме бар. Сондықтан мамандар науқастың психологиялық жағдайы да нашарлайтынын айтады. Кейде дәріден бас тартатындар да кездеседі. Мұндай жағдайда ақ қалаттылар кеңес ашып, талқылаудан кейін ғана ем-дом шарасын бекітетінін жеткізді.

«Туберкулезге күдікті болған науқастың қақырығынан аналыз алып, лабораторияға жолдайды. Онда молекуларлы генетикалық әдіс арқылы 2 сағаттың ішінде анықтап береді. Науқасқа диагноз қою онай емес. Барлығы 10 маман кеңесіп, диагноз қойған соң, науқас емдеуге жіберіледі. Науқастармен психологиялық тексттер жүреді. Алғаш диагнозын білген кезде адамдарға оңай соқпайды. Мысалы әйел кісілер жылап стресске беріледі», — дейді Облыстық фтизиопульмонология орталығы басшысының медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Қапанова.  

Бұл орталықта айына Шымкент пен Түркістандық 200-ден аса тұрғын емделеді. Мамандар сөзінше биыл өткен жылға қарағанда туберкулезбен ауырғандар саны өскен. Сондықтан алдын ала сақтанып, тез арада дәрігерлерге қаралу керек екенін айтады.

«Туберкулез — бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез — бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының — сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі — туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам. Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жыл сайын флюраграфиялық тексеруден өтпеуі, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеуі —  аурудың негізгі салдары. Бұл ақырында туберкулезге алып келуі мүмкін», — дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментiнің бас маманы Ақмарал Сағындық.

Бұл дертке шалдыққан науқас жөтел кезінде қан аралас қақырық тастап, дене қызуы 37,5 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар әлсіздік сезініп, тәбет нашарлайды. Сондықтан мамандар мұндай жайдайда көп уақыт жоғалтпай дәрігерлерге жүгінуге кеңес береді.