Бәс тігуден аулақ болсақ

601
бәс тігіп, теледидарға телміргендер
бәс тігіп, теледидарға телміргендер
бәс тігіп, теледидарға телміргендер
бәс тігіп, теледидарға телміргендер

Букмекерлік кеңселерді қазақ баласы да жатырқамайтын болды. Бәс тігудің майталмандарын қаладағы кезкелген букмекерлік кеңселерден оп-оңай кездестіре аласыз. Теледидарға телміріп, у да шу болып бәс тігіп жатқандардың қарасы күн санап артып келеді. Әсіресе, футболдан ірі ойындар өтіп жатқан кезде бұл кеңседе ине шаншар орын табылмайды. Спорттық ойындардағы команда немесе ойыншының жеңісін алдын ала болжап, белгілі мөлшерде ақша тігіп жүргендердің қатарын тек спортсүйер қауым емес, оңай олжаға кенелгісі келгендер де толтырып жүр. Олар «әне ұтамын, міне ұтамын» деген алдамшы үміттің жетегінде жүргендер. Олардың арасында көк қағазды қиналмай-ақ, санап беретіндер де аз емес.

Ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған бұл кәсіп, алғашында «бәс тігу» ретінде (ставка) тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана қойылатын. Бертін келе бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылыпты. Ал жиырмасыншы ғасырдан бастап, спорттың кез-келген түріне бәс тігілетін болды. Ақша табудың бұл түріне исламда қатаң тыйым салынған. Себебі, бұл кәсіп құмар ойынына жатады. Бұған қатысты Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!»-деген.

Бұл кәсіпті құмар ойындарына жатқызуымыздың да өз себебі бар. Егер бақ шауып, бәс тіккен командасы ұтса, табысқа кенеледі. Ұтылса, тіккен ақшаны қарсылас командаға дауыс берген адам иеленеді немесе кеңсе басшысына тиеді.

Байқағанымыздай,мұндай кәсіптің астарында, жеңіл жолмен еңбексіз табыс тауып жатқаны айдан анық. Себебі ақша тіккен адамның бағы немесе бабы шауып, ұтысқа кенелсе, ғаламтор арқылы дауыс берумен тіккен ақшасының екі есе қарымын алып, қомақты қаражатқа кенеледі. Сонымен қатар кеңсе басшылары да ұтылғандардың есебінен күн көріп, біреудің ақшасын маңдайы терлемей, белі ауырмай иеленеді. Құранның аяттарында «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен Исламда қатаң тыйым салынып, харам етіледі. Себебі ол адамды жалқаулыққа, маңдай терін төкпей, қиындықсыз мол табысқа бата қалуға үйретеді. Мұндай кәсіп жеке тұлғаға, қоғамға зиянын келтіріп қоймай, тіпті отбасының шырқын бұзуға да себепші болады. Мұсылман адам мұндай жолмен емес, өзінің маңдай тері, адал кәсібімен ғана пайда тауып өмір сүргені абзал. Букмекерлік кеңселер жастарды жалқаулыққа, ұрлық пен зорлыққа баулитын орынға айналып келеді. Сәтін салып бір-екі рет ақша ұтқан адам ол жерді айналшықтап шықпайтын болады, есіл-дерті оп-оңай жолмен ақша ұтып алу болған жастар бәс тігуге ақшасы болмаса ұрлық жасайды.

«Букмекерлік кеңсеге барғандардың 90%-ы жеңіліп қалады, бәске тіккен дүниесінен де айрылып жатады.Соның айғағы: соңғы уақытта маған ойынқұмарлардың ата-аналары мен жақындары букмекерлік кеңселерді жабу туралы мәселе көтеруімді сұрап, бірнеше мәрте хабарласты. Олардың айтуынша, букмекерлік кеңсенің «тұтқынына» айналған балалары қалтасындағы барлық ақшаларды ұрлап, қымбат әшенкейлері мен үй-ішіндегі мүлкін сататын көрінеді. Ойынға тігілген ақшадан ұтылған соң, қайтарып аламын деген оймен қайтадан барып ақша тігеді екен. Демек, бұл құмар ойын емей немене?! Олардың жұмыс уақытын шектеу, түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салу, букмекерлік кеңселерді білім беру ұйымдары мен студенттік жатақханаларға таяу маңға орналастыруға тыйым салу, мұндай мекемелерге лицензия талабын да күшейту секілді ұсыныстарымыз орындалса дұрыс болар еді»,-дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Тұрсынбек Өмірзақов.

Ал, букмекерлік кеңселерден шықпайтындар, өздерін «спорт жанкүйеріміз» деп ақтауда. 

Сұлтан Ыскақов, спорт жанкүйері
Сұлтан Ыскақов, спорт жанкүйер

Сондай жанкүйерлердің бірін, қаладағы букмекерлік кеңселердің бірінен кезіктірдік. Өзін Сұлтан Ысқақов деп таныстырған жігіттің айтуынша, ол букмекерлік кеңселерді құмар ойындар санатына жатқызбайды екен.

«Құмар ойындарға адамдар ақша ұтып алу мақсатында барса, букмекерлік кеңселерге үлкен спорттық ойындарға жанкүйерлік ету мақсатында барады. Яғни басты мақсаты ақшасын еселеп көбейтіп, ұту емес. Өзі жанкүйерлік ететін қандай да бір командасының намысын қорғау, бәс тіге отырып, оның артықшылығын дәлелдеуге тырысады.

Жанкүйер ойынды түнімен көреді. Болжамы тура келеді. Егер букмекерлік кеңсеге барып ақша тіксе, мол қаржыға кенелетіні анық қой?! Ақыры сол футболды көреді. Нәтиженің қандай болмағын іштей біледі. Неге енді осы біліктілігін өзінің қаржылық жағдайын жақсартуға жұмсамайды?! Ал біз оған неліктен тыйым салуымыз керек?
Бір ғана мәселе бар. Букмекерлік кеңсеге кіретін адамдардың жасына байланысты шектеу қою қажет. Жас балалардың ақша тігіп, ұтылып қалып жатқан жағдайы өте көп. Бұлай болуы заңды да. Өйткені бұл – тәжірибесіздік. Сондықтан букмекерлік кеңселер мектептен алыс жерде орналасып, оған оқушыларды кіргізбеу туралы заң шықса, қуана қолдауға болады.  Ал букмекерлік кеңселерді казиномен мүлдем салыстыруға келмейді»,- дейді ол.

Шымкент қаласы Абай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерғали Сүлеймановтың сөзіне сүйенсек, заң бойынша 21 жасқа толмаған адамдарға букмекерлік кеңсеге кіріп бәс тігуге болмайды екен. Сондай-ақ, аталмыш мекемеде спирттік ішімдік ішуге де тыйым салынған. Заң бұзғандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 338-бабының 2-тармақшасына сәйкес 300 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылады.

Құмар ойындардың осындай зардаптарын ескерген Елбасымыз кезінде казиноларды ірі қалалардан сыртқа көшіру туралы пәрмен бергенде, қалалар аз да болса тазаланып қалғандай еді. Елімізге букмекерлік кеңселерді ауыздықтайтын заң керек сияқты.

«Шағын казиноға» айналған кеңселерге қашанғы көз жұмып отыра береміз?