Әскердегідей: Түркістан облысында әскери-спорттық ойындар өтті

35

 

Республика күні қарсаңында Түлкібас ауданының «Машат Арасан» лагерінде Түркістан облысының «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері арасында «Біз жауынгер» атты әскери-патриоттық спорттық жарыс өтті.

Жарысқа қатысушылар лагерьде екі күн болды. Осы уақыт ішінде олар күштерін сынап, әр түрлі командалық және жеке жарыстарда алғашқы әскери дайындық туралы білімдерін көрсетті.

Бірінші күні қатысушылар пневматикалық мылтықтан ату жаттығуларын орындау, плащ пен газқағар түріндегі жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, сондай-ақ АК-74 автоматын толық бөлшектеу және құрастыру бойынша жарысты. Екінші күні олар садақ ату және арқан тарту сайыстарында бақ сынады.

Байқауға облыстың 17 аудандары мен қалаларынан барлығы 200-ге жуық бала қатысты. 10-11 сынып оқушылары арасында өткен әскери-патриоттық спорттық жарысқа қатысушылар білім дәрежесі мен дене шынықтыру дайындығына қарай іріктелді. Сайыс ережесіне сәйкес, бес ұл және төрт қыздан тұратын әр команда өз ауданының намысын қорғады.

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Шекербек атап өткендей, облыстық жастар жиынының ерекшелігі, бұл жолы командалар садақ атудан алғаш рет жарысқа түсті. Барлық қатысушылар, жас патриоттардың өскелең ұрпағы көп нәрсені білетінін, кез келген қару түрінен оқ ататынын, дене дайындығы деңгейінің жоғарылығын, қайсар рух пен қара күшті қару ете алатынын көрсетті.

– Қазір садақ ату олимпиадалық спорт түріне айналды, көпшіліктің қызығушылығын арттыруда. Оның ерекшелігі – кез-келген жаста: 7-ден 70 жасқа дейін айналысуға болады, – деп қосты Аружан.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде Арыс қаласының қатысушыларына берілді, бірінші орынды Кентау қаласының командасы алса, екінші және үшінші орынды Түлкібас және Мақтаарал ауданының өкілдері өзара бөлісті. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.