Өткен аптада Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясының премьерасы болды. Қойылымның желісі бойынша, әйелі қайтыс болған Қырманбай шал ұл-қыздарының отбасылы болып, өз алдына шаңырақ көтеруін армандайы. Бірақ балалары алдымен әкесіне жар таңдап, өзіне сырлас болатын серік іздейді. Қарияның «қыз» таңдаған қылығы мен балаларының былығы әртістердің шебер ойыны арқылы көрерменді қызықтыра түсті. Әлімсақтан келе жатқан әке мен бала мәселесін бүгінгі күн, ұлттық дүниетаным тұрғысынан көтеретін комедияға әрбір кейіпкердің қимыл-қарекеті, мінез-құлқы күлкі шақырады. Қойылымды Шымкент сахнасына шығаруға Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында дәл осы пьесаны сахналаған режиссер Әубәкір Рахимов (суретте) арнайы шақырылған екен. Оңтүстік астана көрермендерінің көңілінен шығып, ұзақ уақыт бойына репертуардан түспей жүрген спектакльді жерлестеріміздің де тамашалауына мүмкіндік туды. Дегенмен таңдау неге дәл осы комедияға түсті? Әлде өңірімізде бойдақтардың саны көбейді ме? Осы сауалдардың жауабын білмекке асығып, режиссерді әңгімеге тартқан едік.
– Оңтүстіктің театры алғаш осы ұсынысты өзіңізге айтқанда қалай қабылдадыңыз?
– Әрине қуандым. Бірақ аздап қиындықтар болғанын да жасырмаймын. Мұндағы жас әртістердің көбі мықты актерлар дайындайтын Өнер академиясының түлектері емес. Сондықтан театр туралы тағы да тереңірек түсіндіруіме тура келді. Бір айдың ішінде спектакль дайын болды.
– Бір қойылымды екі театрда қойып отырсыз. Қандай айырмашылық бар?
– Бір қойылым болғанымен, екі сахнада көрсетілген бұл спектакль бір-біріне мүлдем ұқсамады. Өйткені Алматы әртістеріндегі кейбір тапқырлық мұндағы өнерпаздарда жоқ. Бұлардағы қасиет оларда жоқ дегендей. Мәселен, басты кейіпкер Қырманбайға қалыңдық боп келетін әйелдің образын мұндағы актриса Әнипа Қарабекова мүлдем басқаша сомдады. Былай қарасаңыз, кейіпкер жеңіл мінезді сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның ниеті адал. Соны әртіс шебер көрсете білді. Келер жылы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының 80 жылдығына орай, шымкенттіктер Алматы театрында, олар осында келіп тәжірбие алмасып бір рөлде ойнау шеберлігімен бөлісуді жоспарлап отырмыз.
– «Оңтүстіктің әртістеріне театр жайлы тағы да әңгіме айтуға тура келді» деп қалдыңыз…
– Көрерменнің күліп отырғанына қарап, комедияны сахналау оңай деп ойлайтындар бар. Бірақ олай емес. Трагедия, драмада әйтеуір көзден жас шығарып, түрді келістіріп, көрерменді сендіруге болады. Ал өзің күлмей, жұртты күлдіру өте қиын. Адам өмірде қалжыңбас болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы сахнада жарай бермейді ғой. Бұл спектакльде әртістің суырып-салып айтатын жерлері бар. Мұндайда әртістің шеберлігі мен әзілқойлығы тіпті қажет-ақ. Репетиция барысында жастарға барынша ақыл-кеңесімді айттым. Театрды мен мешітке теңеймін. Театрда рухани байлыққа кенелесіз. Адамгершілік, ізгілік туралы айтылады. Осының бәрін түсіндіріп, жас әртістердің театрға деген құлшынысын арттыру бар мақсатым. Комедиялық спектакльде көрермен күліп отырып, ойлануы керек. Қазіргі жастардың әзілінен мен кейде шошимын. Тым қатал. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай астарлы әзілдің шебері болған. Қазір тура бетіне айта салуға үйренген. Соңы кейде жанжалға айналып кетеді. Осының барлығын әртістерге түсіндіре алдым деп ойлаймын.
– Премьера аншалгпен өтті. Бұл режиссердің еңбегінің жемісі деп білеміз. Алдағы кезде де сізге шығарма-шылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан – Ғалия ҚЫЛЫШБАЕВА