Қазақтың біртуар азаматтары кезінде ағартушылық істі бала оқытудан бастаған. Сол тәрбие барша халық тәрбиесіне ұштасқан. Арнайы молда атанбаса да Абай атамыз айналасына білікті, дарынды шәкірттер жинады. Сұлтанмахмұт қырға шығып, қарадомалақтарға дәріс берді. Алтынсарин бабамыздың жөні тіпті бөлек. Халық осындай тұлғаларды ағартушылар деп таныды. Олар жан-тәнімен беріліп қызмет еткенде көңіл кірін кетіріп, көзді басқан надандық шелін сыпыруға бейіл болған.
Сол қайраткерлер білім мен біліктілігі арқылы өздерін үлкен-кішіге түгел мойындатып кеткен. Тізгін ұстағандардың өзі мұғалімдермен санаса білген. Бұл – «білімді мыңды жығадыға» ұйығандық шығар. Бірден-бірге сырғып дағды мұрасы болып жалғаса беретін осы күй халық арасында өзгеріссіз қалыптасқан ұлттық мінезге айналып, әбден заңдасқан еді. Кезінде осы тұрғыдағы бір сұқбатында марқұм, көрнекті ғалым Рақманқұл Бердібай «осы өзіміз баяғы мұғалімімізді көргенде, алдынан қия өтпей, бас киімді қолға алып, әдеп көрсетіп өстік.
Бұл алдыңғы толқынды тыңдау арқылы бойға сіңген ізгі бір қалып болатын», – деп еді. Өкініштісі сол, осындай мұғалім беделі бүгінде баяғы күйінен мүлдем өзгерген. Қолынан дәріс тыңдағандар онымен амандаспақ тұрмақ, кездескенде иығымен қағып өтуден именбейді. Ер балалардың көбі педагогикалық мамандыққа баруды әлдеқашан доғарған. Ол үшін кімді кінәлайсыз?! Айлығы шайлыққа жетпейтін қызметке шындап кірісе қоятындар некен-саяқ. Дүниенің кең кезінің өзінде ат жалынан пұл таппағандар осы мұғалімдей-ақ болған шығар.
Шындығы сол қазіргі мұғалімнің бір жалақымен бүкіл отбасын асырап, бала-шағаның мүмкіндігін қамтамасыз етуі мүмкін емес. Бір әңгімесінде Шерағаң (Мұртаза) Ирандағы бастауыш сыныптың мұғалімінің айлық ақшасын айтып тамсанған еді. Амал не, бірінен-бірі асып түсіп жатқан реформалар мектеп жайын жақсарта алмай-ақ қойды. Кеңес заманында мұғалімдер үшін көптеген жеңілдіктер бар еді, ол да көзден бұлбұл ұшты. Небір тәжірибеге жетік ұстаздар содан кейінгі өмірлік таңдаған жолынан амалсыздан тайып, базар жағалап, саудагер атануға мәжбүр болды. Мұндай тіршілікті көрген жастар: «Біз мұғалім болмаймыз», – деп кесіп айтатын халге жетті. Әсіресе ұл балалар.
Мұғалім беделінің бүгінгі төмендеуіне өз салдарын тигізетін тағы бір жағдайды да айтпай кете алмаймыз. Ол – оқытушының жеке интеллектуалдық сипатына байланысты жайлар. Өресі мен мәдениетінің қаншалықты татымды екендігінде жатыр. Мәселені осындай талаппен безбендесек, көп нәрсеге көңіл олқы соғып жатады. Осы орайда М.Мақатаевтың бір әңгімесі еске түседі: «Учительская» деп шебер жазылған есікті қағып тұрмын. Есіктің ар жағынан әлдекімнің дөрекілеу зекіген дауысы естіледі. – Сендер мені кім деп жүрсіңдер, хайуандар! Танымаймын мен сендерді әк… – дей берді де, менің тықырымды естіген болуы керек бір секунд кідіріп, үзіліс жасаған соң сол арынмен: – Да! – деп қалып еді, құлағым шың ете түсті». Мұндай мұғалімнен қандай тәрбиені күтіп жетістіресің. Өкініштісі сол, әлгі осындай жағымсыз образдар арамызда жоқ емес. Үйдегі шәйпаулықты оқушы алдында именбей көрсете беретін оспадар олақтықтың опа бермесі белгілі.
Қазіргі мұғалімдер арасында еңбектері еленіп, тәжірибелері тасқа басылып тарап, ең кемі «Жыл мұғалімі» атанып, тіпті әлдебір атақтардың иегеріне айналып шыға келетіндер аз емес. Болса болсын. Бірақ, жалғандығы басым дүрліккен науқанның оқушыға беретін тырнақтай тәлімі жоқ болса, одан не қайыр? Бала ЖОО-ға келгенде деңгейінің тым төмен екендігіне көзі жетіп, налиды. Немесе, майданға түспей бәйге алудың оңай жолына әуестенуді ә дегеннен үйреніп алып, адасады. Қазір аудандар арасында ҰБТ көрсеткіші бойынша алғашқы орынға таласу қатты белең алып кеткен. Аудандық білім бөлімінің басшылары мектеп директорларына қандай жолмен болсын жоғары бал жинауды тапсыратын болған. Осыдан барып, білім саласындағы жемқорлық өршіп тұр.
Жақында ауылдан келген бір кісіден естідім, қазір ауыл мұғалімнің жағдайы жаман емес екен. Аз болса да ай сайын қолына ақша ұстайды. Оның үстіне, азын-аулақ тай-тұяғы бар. Еншілеген егістік жері де жоқ емес. Бәрі қосылғанда әжептәуір тіршіліктің басын құрайды. Бірақ айтайын деген мәселе басқа. Мұғалім енді сабақтан гөрі, сол жеке шаруашылығына көбірек алаңдайды. Соған асығады. Одан кейін сабаққа күнделікті дайындық азайып, ол оқу сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Әйтсе де адамнан амал артылған ба, ата-аналар тарапынан дау-дамай тумас үшін балаға кілең төрт пен бестікті мұрнынан тізіп қойып беретін көрінеді.
Тағы бір айта кетерлігі мектептегі мардымсыз білім, бағдарсыз тәрбиеге бір шетінен Білім және ғылым министрлігі кінәлі. Олар осы күнге дейін қазақ мектептеріне ұлттық тәрбиенің үлгісін ұсына алмай-ақ келеді. Сосын аты дүрдей Білім министрлігі бола тұра, білім жүйесін басқарудан қалған. Ең жаманы олар тәжіриебелі де білікті, білімді де беделді ұстаздарды мектеп директорлығына ұсына алмайды.
Шындығына келгенде мектеп директорларын, білім бөлімінің басшыларын тағайындауды аудан, облыс әкімінің орынбасарлары белгілеп, тамыр-таныстарын қойып, жең ұшынан жалғасу арқылы шешіп жүр. Басшы тағайындауда министрліктің еш қатысы жоқ. Конкурссыз, сынақсыз, таныс арқылы қойылған басшы, әрқашан жоғарыға қарап жалтақтайды. Өз бетінше ештеңе шешпейді. Қарсы пікір білдірсе сол мезетте орнынан айырылады. Таныспен болған басшы қайбір оңсын, ол да қасына сондайларды жинайды. Олар білім, ғылым, тәрбие жолдарын іздемейді. Керісінше, тамыр-таныстықпен жұмысқа алу, бір-бірінің көңілін табу және өз ой-пікірі бар «бұзықтардың» басқан ізін аңдып, тырнақ астынан кір іздеуге құмбыл. Мұндай білім ұжымынан шындықты таба алмайсың. Өйткені олардың «ынтымағы» күшті. Біреуі шашау шығарып қойса, отырса опақ, тұрса сопақ болады. Шындықты айтқысы келсе де, айта алмайды.
Қазір сауатсыз директорлардан аяғыңды алып жүре алмайсың. Тіпті көбейіп кеткен. Өздері сабақ бермей-ақ, жоғары санаттарды алып алған. Мұғалімнің сабағын талқылай алмайды. Жергілікті әкімдер болса өздерінің ашыналарына, тоқалдарына білімді басқартып қойды. Олардың балаға берер өнегесі шамалы. Тіпті балабақшаларды да басқарып отырғандардың көбісі солар. Ең сорқысы соңғы кездері әкімдер басқа жаққа ауысқанда әлгі сыбайластарын өзімен бірге ала жүретінді шығарған. Ал олар уақытты пайдаланып ақша табудан, пара алудан басқа еш нәрсе ойлап жатқан жоқ. Мұғалімдерге өздерінің жүргізетін сабақтарын жүктеп койғандары аздай ақша жинауға құнығып кеткен.
Шыны керек, бүгінгі «ақырзаман» ұрпағының бойына білімді дарыту да оңай емес. Халқымыздың әзіз тұлғасы Мұхтар Әуезов айтқандай, ұстаз тек жас өрімдердің ғана емес, бүкіл бір қауымның, қоғамның қамшыгері, тәрбиешісі бола білгені жөн. Осы биікке жетуге ұмтылатын, осы үдеден шығуға тырысатын ұлағатты ұстаздар бар. Көріп жүрміз, көңілге түйіп жүрміз.
Бірақ өз кәсібіне салақ қарайтын, сайып келгенде мамандығына таңдап емес, адасып түскен мұғалімдердің кесірінен «ұстаз» атты ұлы атаудың атына кір келуде. Сөзіміз рас, белгілі бір пәнді танудағы мұғалім біліксіздігін, шалалығын көргенде қараптан қарап қаның қарайып, «қазіргі ұрпаққа тәлім беріп отырған ұстаз осы ма?» деген ойда боласың. Орынды ой. Әттең тұғыры тайғақ. Соның кесірінен қоғамның сын садағы өз жұмысын беске білетін, парасат пайымы терең, білгір ұстаздарды да жанап, түйреп өтеді. Бәлкім содан да шығар, кейде біздің білімнен кінәрат іздегенде көзімізге бірден қамкөңіл мұғалімдер ілігеді. Оларды оттан алып, отқа саламыз. Бәлкім содан да шығар, қоғамның сесі мен сынынан қорқып қалған ұстаздар қауымы көпшіліктің алдында жалтақ. Мектеп директоры алдында да мұғалім жалтақ, ата-ана алдында да мұғалім абыройы төмен, арашасы жоқ, тіпті оқушылардың алдында да мұғалім жасқаншақ. Сондай дейміз де, мұндай бедел туралы сөз қозғаудың өзі қисынға келе ме? Мұғалім мәртебесі табанға тапталып жатқанын қалың бұқара, бұйығы қоғамның өзі елеп-ескермесе іс өне ме? «Мұғалім беделі» төмен деген қатқан қағиданың көбесі жібиді ме? Әй, қайдам. Айтпақ ойдың төркінін түсінген боларсыздар оқырман қауым?
Кейде мұғалімдерді жөнді-жөнсіз күстаналай кететініміз бар ғой. Бір қарасаң мұғалімдерге де оңай тиіп жүрген жоқ. Олардың мамандығынан жеріне бастауына себеп көп. Әсіресе соңғы кездері сарсаңы көп саяси науқандар мен алаөкпе болып жүгіретін алашапқын әрекеттердің қай-қайсысы да осы күні мектеп мұғалімдерінің күшімен бітетінін көзіміз көріп жүр. Мұғалім деген ардақты мамандық иесі қазір биліктің қол баласына айналды. «Барып кел, шауып кел, тауып кел». Парламент сайлауы былай тұрсын, аудан мен ауылдың шабан шартық әкім-қарасын сайлау жұмысына да мұғалім байғұс жегілетін болды. Қайсыбір сайлау болмасын үй-үйді аралап, қытай қорғанындам шойын қақпалар мен алып дуалдарды айналып мұғалім бейшара жүрді. Әлгі ауыр қақпалардың арғы жағында арыстанмен алысардай болып арсылдаған қапқаз тұқымды иттерден өтіп, мұғалім шіркін шікірейген қожайындардың құжаттарын тіркеп әлектенді. Итарқасы қияңдағы ауыл мұғалімдері тіпті сабылды. Ауылдан жиналған «құнды» құжаттарды құшақтап аудан барған олардың арып – ашқан халін айтудың өзі аянышты. Бәрін тізсек, соқыр көзден жас тамады. Қандай науқан болса да мектеп мұғалімдерін айдап салып, қарап отырмыз. «Үгіт, насихат соқ. Үй-үйді арала. Құжат жина». Құл орнына – құл, күң орнына – күң мұғалім дейтін халық бар. Оны аз десеңіз, «мейманасы тасып шалқыған бай-дәулетті» біздің қоғамда кім ыңыршағы шыққан кедей? Мұғалім. Кім еріксіз? Мұғалім. Кім байлаулы? Мұғалім. Бетімен кеткен ұрпақ тәрбиесіне кінәлі кім? Мұғалім. Реформалардан шіріп біткен білім саласындағы біліксіздік пен надандыққа кінәлі кім? Тағы да – мұғалім. Жоғарыдан жер теуіп шығатын тексеруші комиссияның да қара бұлтты қаптатып қайтатын басы – мұғалімнің басы. Ал енді сондай сорлы халдегі мұғалімнің мұңын кім тыңдайды?
Ұстаз беделін қайтіп көтереміз? деген сауалға жауап іздеген тұста, ең алдымен өзімізге салмақ салып ойланғанымыз жөн секілді. Өйткені ұстазды жерден алып жерге салатын да, тұлға дәрежесіне көтеретін де ең алдымен – қоғам. Ұстаз беделін көтерудің бірден-бір кілті осынау ұлағатты атауға деген көпшіліктің қисық-қыңыр көзқарасын өзгертуде жатыр. Бұл бір деңіз. Екіншіден, мына бір мәселеге назар аударған дұрыс. Біздіңше, мұғалім мәртебесін – осынау жосықты саланы сапасы сын көтермейтін мамандардан тазартсақ, арылтсақ қана көтере аламыз. Ал, бұл анау айтқандай оңай шаруа емес. Демек, сапасыз кадрларды қатардан шығару қазіргі күннің кезек күттірмес мәселесі деп білген жөн.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
P.S. Дүние кезек. Етектен алған қиындық та уақытша. Бүгінді межелей отырып, ертеңгі күнді де естен шығармаудың абзалдығы осыдан. Ендеше, ауыл мұғалімінің ардақты аталуы тиіс, ол – сөзсіз міндеттілік деуге хақымыз бар.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, ф.ғ.к. доцент
– Шығыс халқы ежелден ұстаздық мамандыққа ерекше көзқарас қалыптастырып, оны қоғамдағы ең құрметті адам деп санаған. Осы бір бірнеше ғасырға созылған дәстүрді қайтадан қалпына келтіріп, мұғалімнің беделі мен мәртебесін қалайда орнына келтіруге тиістіміз. Француздың ағартушы педагогы Жан Жак Руссо «Ұстаздық уақыт ұту емес. Өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Демек, біз мұғалімді өз уақытын шәкірттерінен аямайтын, өзгенің бақытын мерейленіп аялайтын жеке тұлғаға айналдыра білуіміз керек. Қазақтың дені ауылда екені рас болса әсіресе ауыл мұғалімдерінің бағытынан адаспауына жағдай жасау ләзім деп топшылаймын.
Абдулла Бақадыр, «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, дінтанушы
– Президент тағайындаған басшылар оған қарсы жұмыс жасауда. Әкімдер жемқор болған соң басқадан не сұрайсың. «Нұр Отан» партиясы мүшелері басшының айтқанын орындамаса басқадан не сұрайсың, діндарларда иман жоқ болса басқадан не үміт?! Былтырғы жылы 12 мың нұротандық партиядан шығарылды, бұл сұмдық қой. Полициядағылар қылмыскер болса тәртіпті өздері бұзса, адам құқығы тапталып қорланса одан артық қорлық бола ма? Осылардың бәрін кезінде оқытқан дипломды сатқан мұғалім педагогтар. Мұндайлардың зиянын енді коріп отырмыз, тәрбиесіз білім деген осы.
Әкім Ысқақ, ақын
– Нарық заманы көптеген білімді жандардың мектептен кетуіне ықпал етті. Іскер жандар өз мүмкіндігін барынша кәсіпкерліктен көрсетуге тырысты. Азғантай нәпақаны қанағат ету отбасына да әсер етеді. Кейде кездейсоқ жандардың мұғалім болуы да педагогтардың беделін түсірді. Мұғалім – мектептің жүрегі болуы керек! Сөзі, ісі, тірлігі нағыз ұстазға сай адам ғана шәкірт жүрегін жауламақ. Мектепте нағыз тұлғалы, парасатты ер азаматтардың азаюы да бала тәрбиесіне, ұстаз беделіне нұқсан келтірер тұстары аз емес.