«Мақта компаниясы» ЖШС-і-Оңтүстік өңірінде мақтамен айналысып жүрген шаруашылықтардың бірі. Мақта талшығынан дайын өнім шығаратын серіктестіктің алға қойған міндеттері мол. Алайда барлық бастамалар қаржыға келіп тірелетінін компанияның басшысы жасырмады.
Қайнар Аббасов, «Мақта компаниясы » ЖШС-нің басшысы: «Әрине, бүгінде жақсы өнім алу үшін озық технологияларды пайдалану керек. Тыңайтқыштардың да қоры жеткілікті болуы шарт. Жер айдау және де өзге дала жұмыстарына заманауи техника да артық етпес. Жұмысты жаңа жолға қою үшін шаруашылықтарға қолдау да қаржы да керек».
Мақта саласын қаржыландыру мәселесі көптен көтеріліп келеді. Биыл оның шешу жолдары қолға алынды. Елімізде мақта өсірушілерді қолдауға 1 млрд теңге бөлінеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер биыл 8% жылдық үстемемен 12 айға 13 млн теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар. Шағын несиелер кәсіпкерлерге жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, шаруашылық материалы мен құрал-жабдық, ауылшаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерін алу сынды қажетті жағдайларда беріледі. Ал несие алушылар төлемге қабілетті, қаржылық жағдайы тұрақты және өзге де банкі алдында берешегі болмауы тиіс. Бұл жағымды жаңалықты мақташыларға ауыл шаруашылығы министрінің өзі хабардар етті.
Асылжан Мамытбеков, ҚР ауыл шаруашылығы министрі: «Былтыр құрғақшылық болғаны баршаға мәлім. Тұқым сатып алу үшін бүгінде диқандарға қаржы бөлінді. Таяуда қабылданатын «Агробизнес -2020″ бағдарламасы шаруалардың көптеген мәселелерін шешуге ықпалын тигізеді».
Мақташыларды мазалап отырған маңызды тұс- мақтаның бағасы. Ақ алтынды өсіруге кеткен шығындарын өтеу әзірге мүмкін болмай отырғаны тағы бар дейді мақташылар. Мақтаның бағасы нарықтағы жағдайға тәуелді. Былтыр мақтаның бағасы 70-80 теңге төңірегінде болса, алдыңғы жылдары 100 теңге жеткен болатын. Диқандар «Агробизнес 2020» бағдарламасы қабылданса, онда көптеген проблемалар шешімін табады деген сенімде.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jUJ3Q5ng6HY[/youtube]