Оңтүстік Қазақстанда 168 адамды кене шаққан. Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірдегі департаменті ұсынған мәліметтерге сәйкес, бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен үш есе артық көрінеді.
Конго-қырым геморрагиялық қызба дертінің тасымалдаушысы болып табылатын қауіпті жәндіктермен күрес жұмысын жақсарту үшін өңірдің санэпидбақылау мамандары, медицина қызметкерлері мен әкімшілік өкілдері бірлесіп жұмыс істеу жоспарын құрып отыр.
Нелля Гимзатдинова, эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы: «Жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін мал мен оны күту орындарын залалсыздандыру жұмыстарын қатар жүргізу керек. Одан бөлек, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Жұрт қауіпті жәндіктерден қалай қорғану керектігін, егер шағып алған жағдайда не істеу қажеттігін білулері тиіс».
Оңтүстік Қазақстан облысында кенелердің көп тарау кезеңі сәуір-мамыр айларына тұспа-тұс келеді. Ал биыл облыста кенеден залалсыздандыру жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 15 күнге кеш басталғалы отыр.
Естеріңізде болса, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Конго-қырым геморрагиялық қызбасынан үш адам көз жұмған болатын.