Шымкенттің орталық стадионында жергілікті «Ордабасы» футбол командасы тараздық қонақтармен кездесті. Матч демалыс күнге жоспарланғаннан болса керек, батыс трибуна жанкүйерлерге лық толды. Ойын өрнегі де жанкүйерлердің көңіленен шықты деуге болады.

Виктор Пасулько "Ордабасы" ФК бас бапкері
Виктор Пасулько «Ордабасы» ФК бас бапкері

Бұл күні Шымкенттік жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Өйткені командаға көптен күткен бапкер келді. Енді ордабасылықтарды Виктор Пасулько жаттықтыратын болды. Бұл ойын маман үшін де жауапты сынақ болатын. Үш бірдей сәтсіз кездесулерден кейін Таразбен матчта кем дегенде бір ұпай алуға тиіс болатын.

Алайда қақпаға доп соғылмады. Шабуылдар сәтсіз аяқталып, бапкердің жүйкесі де тозып барады. Ал жанкүйерлерді бұл мәселе аса қызықтырмауда, жерлестеріміз Виктор Васильевичті жасыл алаңда көргеніне мәз мейрам.

Ордабасылықтар бұл жолы 1 ұпайды қанағат етті
Ордабасылықтар бұл жолы 1 ұпайды қанағат етті

Команда құрамы өзгергені байқалады. Алғашқы үш турда көріне қоймаған легионерлер де жарақатынан бірден жазылыпты. Тек шымкенттік ойыншылардың қатары сиреп қалған сыңайлы. Ойын өрнегі де өзгерген.

Нәтижесінде 90 минут бойы доп қуалаған қос команда да қақпаға доп соға алмады. Голды тамашалау бұл күні бұйырмапты. Ордабасының жеңілмегеніне риза болған жанкүйерлер де үйіне көтеріңкі көңілде қайтты. Қоржында бір ұпай бар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=w8eClgJtbWU[/youtube]