Полицейлердің атын жамылғандар да ұсталды. Олардың қарақшылық шабуыл бойынша күдікті екені де бірден анықталды. Абай аудандық ішкі істер басқармасына қаланың 58 жастағы тұрғыны арызданып, туыстарына қарақшылық шабуыл жасалғанын мәлімдеген.
Мал базарынан сауда жасап қайтып келе жатқан әкесі мен баласын бейтаныс біреулер тоқтатып, жеке куәлігін көрсетуді сұранады. Баласы құжатын үйден алып шығуға кіргенде, өзін полицейлер деп таныстырған олар әлгі азаматты бас салып, күртешесін шешіп алуға кіріседі.
Қалтасында 650 мыңнан астам ақша болған азаматтың айқайына көмекке келген әйелі мен баласын көргенде, шабуылшылар пистолеттен оқ атып, құрбанын аяқ, қолын жаралайды.
Жедел іздестіру барысында Ордабасы ауданының екі 22 жасар азаматтары қолға түсті. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.