«Домбыра party»- шым қалада бұрын-соңды болмаған іс-шара. Алғаш естігенде кім келер деп ойладық. Десе де, белсенді жастардың бастамасымен танысуға арнайы бардық. «Тәуелсіздік» саябағына жиналған жастардың қатары қалың емес. Бірақ қолдарында қазақтың қара домбырасы. Күмбірлеген даусы, бірден өз тыңдаушысын баурап алды. Ұлттық өнерді дәріптегендердің қатары да артты, көрермендерде де көптеп жиналды.
Әдеттегідей ұйымдастырушысын іздедік, бірақ мұндағы жастардың арасында ұйымдастырушы жоқ. Игі бастаманы бастаған да, идея ұсынған да өздері. Осылайша, жастар арасында қазақтың қара домбырасының қадірін арттырмақ. Несі бар, қуантарлық жәйт.
Күмбірлеген күй, айтылған жыр жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көктемнің кешінде жиналған жас толқын ауа-райының суықтығына да қарамай, домбыраны жарыса шертті. Естігендер кеш болса да, топқа келіп қосылып, өнерін көпшілікке паш етіп жатты. Солардың бірі қаламыздағы оқу орындарының бірінің бірінші курс студенті Нұрдәулет Ілесбек. Ол «Домбыра party» болатынын естіп, арнайы келген домбырасын арқалап.
Нұрдәулет Ілесбек: «Мойындау керек, кейбір жастар домбыраны менсінбейді, түсінбейді. Бірақ, менің ата-анам әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұру керек деп үйретті. Содан болар, әуестігім артты. Арнайы барып, сабақ алған емеспін. Бірақ, әуелете ән сала аламын. Өзімнің ортамда домбыраны ала жүремін».
Садық Шерімбек, блогер: «Бір қызық болып жатқан жәйт, Астана әлі бастамай тұрып,Шымкент қаласында осындай игі іс-шара басталып кетті. Алдағы уақытта домбырашылардың қатары көбейеді деп 100 пайызға айта аламыз. Өйткені бүгінгі шараға қатты дайындалмасақ та, келушілер бар. Мақсатымыз салт-дәстүрді дәріптеу. Аз болса да қазір бастап отырмыз. Келесі жолы домбырашылардың қатары бұдан да көп болады деп ойлаймыз».
«Домбыра party» ұлттық аспаптың құлағында еркін ойнайтын жастар мен ұлттық рухта тәрбиеленгендердің басын қосатын шара. Бастамасы жаман емес, сондықтан жалғасын тағы күтеміз. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, қаламыздағы барлық саябақтарда осы іс-шара жалғасады. Осы сенбі «Қиял әлемі» саябағында өтеді деген жоспар бар.