Шымкентте қоғамдық орыннан өрт шықты. Бұл жайында суыт хабар кешкі сағат 16:50 шамасында кезекші бөлімге түскен.
Қоңырау шалғандар Рысқұлов көшесінің бойындағы «Есім» кафесі өртеніп жатқанын хабарлайды. Оқиға орнына тездетіп екі арнайы топ шұғыл аттанған. Олар келген сәтте өрттің кафеге жапсарлас моншаның ішінен шығып жатқанын анықтады.
Тез арада адамдарды қауіпсіз жерге шығарған соң құтқарушылар өртті сөндіруге кіріседі. Алдын ала болжамға сәйкес, тілсіз жау 40 шаршы метр аумақты қамтыған. Қоғамдық орын болғандықтан тағы да қосыша күш шақыруға тура келді.
«Біз қоңырау түскен соң тез арада оқиға орнына келдік — дейді Алмас Еділбеков, Шымкент қалалық № 1 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. — Алғашқы жағдайды барлаған соң, өрттің аумағы үлкен болғандықтан, тағы қосымша күш шақыруға тура келді. Сөйтіп, барлығы 6 цистерна келді оқиға орнына».
Осы сәтте қосымша өрт сөндіру көлігі де келіп жетті. Ал бір топ полицейлер оқиға орнын қоршап алған. Олар осында жиналып қалған адамдарды ішке қарай жібермей, қуып жатыр.
Алдын ала болжамға сәйкес, өрттен опат болған адам жоқ. Қазір тілсіз жаудың неден шыққанын және өрттен келген шығынның көлемін төтенше жағдай департаментінің мамандары анықтап жатыр.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lUU5SbFwm_Q[/youtube]