Шымкентте салықтан жалтарып жүргендер бар. Енді олардың нақты тізімі анықталмақ. Бұл үшін салық басқармасы мамандары арнайы рейдтік шараларды бастады. Абай ауданы бойынша салық басқармасының 4 жұмыс тобы Ақниет, Самал, Қайтпас-2, Достық шағынаудандарын аралап жүр. Тегін емес, өйткені мұнда баспаналарын немесе үйіргелік қосымша нысандарды салық басқармасында тіркетпегендер жетерлік .
Абай ауданы бойынша салық басқармасының маманы: «Времянка ретінде тіркелген …Үй салып, тұрып жатырсыздар. Ескерту қағазына қол қойыңыз. Міндетті түрде жылжымайтын мүлік орталығына, сосын салық басқармасына келіңіз. Баспанаңызды тіркеп, мүлік салығын төлеңіз».
Құрылысы аяқталғанымен үйлер тіркеуден өтпеген. Қожайыны жер салығын төлеумен шектеліпті. Салықшылар рейд барысында зерттеу актісін толтырып, міндетті төлемдерді төлеу жөнінде хаттаманы ұсынды. Егерде бұл жолы да төленбесе, мүлік салығы сот арқылы өнідіріледі. Жыл басынан 360 іс сотқа жолданды, олардың 240 бойынша сот орындаушылар жұмыс істеуде. Бұл шаралар Абай ауданына қарасты барлық елдімекендерде жалғасады. Нәтиже де жоқ емес.
Дарияқұл Сатыбалдиев, Абай ауданы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы: «Мүлік салығы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда осындай мерзімде биыл 25 пайызға өсім бар. 10-12 пайызы осындай рейдтерден кейін түседі деп отырмыз».
Мүлік салығы бойынша жоспар 69 млн теңге, ал жер салығынан қазынаға 39 млн теңге түсуі тиіс. Бүгінде Абай ауданында баспана ретінде 51 мың жылжымайтын мүлік тіркелген. Оған Асар шағынауданындағы 4 пен 10 млнға бағаланған 1275 баспананы қоссаңыздар. Бюджет жылдың соңына дейін айтарлықтай толығады деген сенім бар дейді салықшылар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_dygk92ZmDM[/youtube]