Шымкентте жалған полицейлер құрықталды. 1991 жылы туылған қос жігіт өздерін «полицейміз» деп таныстырып, қарақшылық әрекетпен айналыспақ болған. Тіпті, қару алып жүруге рұқсат беретін кәулікті көрсетіп, өздерін жұртқа полиция қызметкерлері ретінде таныстырған екен. Бірақ айлалары әшкере боп қалды.
Оңтүстік Қазақстан облысының екі тұрғыны жарақат салатын қаруларын пайдаланып, арам ойларын жүзеге асырмақ болыпты. Олар таңертең Шымкенттегі мал базарына келеді. Осындағы адамдарды аралып жүріп, әкелі-балалы шаруаларды көздері шалады. Содан көз жазбай аңдуға кіріседі.
Бұқаларын сатып, ақшасын қойнына тыққан шаруалар үйлеріне қайтуға бет алады. Сөйтіп, көліктеріне мініп, жолға шығып кеткен. Әлгі екеу де олардың соңынан ілеседі. Іздерінен жүріп отырып, шаруаның үйінің алдына дейін келген. Сол жерде жалған полицейлердің бірі қарудың құжатын көрсетіп, өздерін қылмыстық іздестіру бөлімінің өкілдеріміз деп таныстырыпты. Облыста «Мигрант» операциясы жүріп жатқанын айтып, әкелі-балалы кісілердің құжаттарын сұраған. Шаруаның ұлы жеке куәліктерді алып шығуға үйіне кеткен кезде екеуі шаруаға бас салады.
«Жаңағы кісінің баласы үйдің қақпасынан ішке кірген сәтте мен оның мойнынан ұрдым, — деп мойындайды күдіктілердің бірі. — Сосын менің досым да ұрды ол кісіні. Сол кезде байқамаппыз, үйден шыққан екі кісі бізге қарай тұра жүгірді. Оларды көрген досым тапаншамен үлкен кісіні атып жіберді де біз қашып кеттік».
Абырой болғанда, оқ денесіне жанай тиген жәбірленуші жеңіл жарақат алды. Ал оқиғаның бұлай аяқталарын күтпесе керек, қарақшылар оқиға орнына қаша жөнеледі. Дегенмен, олар алысқа ұзай алған жоқ. Ал жәбірленушілер дереу полицияға хабар беріпті.
«Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Абай полиция бөлімінің өкілдері және патрульді полиция полкінің 6-рота қызметкерлері бірлесе жүргізген шұғыл-іздестіру әрекетін жүргізудің нәтижесінде, — дейді Абай полиция бөлімінің аға тергеушісі Жандос Бекасанов — біз Ордабасы ауданының тумалары, 22 жастағы екі жігітті сезікті ретінде ұстадық. Олар тергеу барысында өздерінің әрекеттерін мойындарына алды. Қазір олар қамауда жатыр».
Үсті-бастарын тінту барысында күдіктілерден бірнеше оғы бар «Стример» тапаншасы және қарудың құжаты тәркіленіп алынды. Қазір тәртіп сақшылары жалған полицейлердің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=LEbBFdNa4E0[/youtube]