Шымкентте жол апаттары жиілеп кетті

428

Шымкентте демалыс күндері бірнеше жол апаты тіркелді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апаттары көбінесе жүргізушілердің спирттік ішімдік ішіп алуы немесе жол жүру ережесін сақтамауы салдарынан орын алады. Сондай келеңсіз жағдайдың бірі қаланың қақ ортасында тіркелген.

Бұл оқиғада көлік жұқпа нан пісіретін орынға келіп соққан
Бұл оқиғада көлік жұқпа нан пісіретін орынға келіп соққан

Қонаев даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында Мерседес көлігінің иесі бағдаршамның сары түсі жанған сәтте жолдың қиылысынан өтіп кетпек болады. Дегенмен, ол ойы іске аса қойған жоқ — жүргізуші рөлге ие бола алмай қалып, жылдамдығын бәсеңдетпеген күйі бұрышта тұрған «Лаваш орталығын» келіп соғады.

Оқиға орнына полицейлермен қатар өрт сөндірушілер де келді
Оқиға орнына полицейлермен қатар өрт сөндірушілер де келді

Бейресми мәліметтерге қарағанда, бұл оқиғадан 2 адам зардап шеккен. Оларға жедел жәрдем дәрігерлері шұғыл көмек көрсеткен. Бұған қоса ұшқын шығу қаупі болғандықтан, оқиға орнына өрт сөндірушілер де келіп жетті. Абырой болғанда өрт шыққан жоқ.

Ал күндізгі сағат 10-30-дар шамасында Шымкентте тағы бір ірі жол апаты орын алды. Жандосов және Ерімбетов көшелерінің қиылысында екі көлік қақтығысып қалды. Мұнда Фольксваген Туарег көлігі жылдамдығын тоқтатпаған күйі келіп, Жигулиді соққан. Күшті соққының салдарынан ВАЗ көлігінің тұмсығы мен артқы бөлігінің быт-шыты шықты. Қатты соққыдан көліктің әйнегі де тұтастай түсіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, жолдың шетінде тұрған Жигули шетелдік көліктің алдын орап шыға келген. Мұны джиптің жүргізушісі де растап отыр.

Алексей Пачурин, "Фольксваген Тоуарег" автокөлігінің жүргізушісі
Алексей Пачурин, «Фольксваген Тоуарег» автокөлігінің жүргізушісі

 «Мен Жандосов көшесі бойымен төмен қарай келе жатқанмын, — дейді «Фольксваген» көлігінің жүргізушісі Алексей Пачурин. — Кенеттен жолдың оң жағынан Жигули шыға келді. Оның жүргізушісі ешқандай тежегішті де баспастан бұрыла бастады. Ал мен көлігімді тежей алмай қалдым да б3з соқтығыстық.»

Оқиға орнына жол полицейлері де келді. Абырой болғанда, опат болған адам жоқ. Дегенмен, Жигулидің ішіндегі жолаушы мен жүргізуші қатты жарақат алып қалған.

Жигули түкке жарамсыз болып қалды
Жигули түкке жарамсыз болып қалды

Әйел кісіге оқиға орнына жақын жердегі ауруханада көмек көрсетілсе, жүргізушіні жедел жәрдем дәрігерлері алып кетті.

Оқиға орнына жедел жәрдем дәрігерлері де келді
Оқиға орнына жедел жәрдем дәрігерлері де келді

Қазір кімнің кінәлі екенін жол полициясының инеспекторлары анықтап жатыр.