Ел чемпионаты алдындағы соңғы дайындық Шымкенттің орталық атшабарында өтті. Көкпардан жастар құрамасы Республикалық доданың жеңімпазы болуды көздейді. Сол себепті де әр ауданнан епті шабандоздар жиналып, оқу-жаттығу жиынын осы атшабарда өткізуде.
Ғани Ахметбаев бастаған бір топ бапкерлердің үміті биыл да қоржынға алтын медаль салу болып отыр. Өткен жылы Павлодарда жалауын көтерген чемпионатта осы жастар жеңімпаз атанған болатын. Биыл команда құрамы біршама өзгерген. Дегенмен алға қойған жоспар сол күйінде, өзгеріссіз.
Ғани Ахметбаев, ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры: «Өткен жылға қарағанда биыл дайындығымыз жақсы. Екі рет оқу жаттығу жиынын өткіздік. Дегенмен былтыр да чемпион болғанымызды ескерсек, биыл аса қиын болмауы тиіс. Бұрынғы команда құрамынан төрт шақты шабандоз биыл да өнер көрсетеді. Сол жігіттер командаластарына қолдау көрсетеді деп ойлаймын».
Биыл ел чемпионаты Тараз қаласында өтеді. Көкпардан бөлек аударыспақ, теңге ілу және қыз қуу бойынша ептілер анықталатын болады. Ол дегеніміз облыс қоржыны кем дегенде үш алты медальмен толығатын болады.