Елімізде «Таблиғи-жамағат» ұйымына тыйым салынды. Яғни, Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты тәблиғшыларды экстремистік деп тауып, елде емін-еркін жүруіне шектеу қойды.
Расында, бұл ұйымның сипаты дәстүрлі дінімізбен, салт-дәстүрімізбен еш үйлеспейді. Оларда соқыр фанатизм басым. Отбасы, жақын туыстарын тастап, үш күнге, қырық күнге ел аралайтыны бар. Сол себепті, көптеген дінтанушылар халықаралық ұйымды «қаңғыбас топ» деп атайды.
Асыл дінімізде әуелі отбасы, ет-жақын бауырларға қамқорлық көрсетуге бұйырған. Облыстық дін істері департаментінің өкілдері ұйымның ешқайда тіркелмегендігін айтады. Діни бірлестіктердің қатарына кіруге ынтасы да болмапты. Тіркелу демекші, өткен жылы діни бірлестіктерді сүзгіден өткізу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Облыстағы 80-ге тарта дәстүрлі емес бірлестіктердің ахуалын анықтау көзделген.
Мәлім болғандай, 17 исламдық емес бағыттағы діни бірлестік «емтиханнан» сүрінген екен. Олардың дені топ құрамы 50 адамға жетпеуіне байланысты тоқтатылыпты. Атап айтқанда, «Шымкент қаласының Вайшнавтар» діни қауымы, «Грейс» діни бірлестігі, «Эммануэль толық Эвангелия» «Інжіл»-христиан шіркеуі сынды аз топ өкілдерінің есігіне құлып салынған.