Қаламызда төрт-бес жастан бастап бүлдіршіндерді өнерге баулитын балалар өнер мектебінің шәкірттері, тағы да өзгелерден оқ бойы озып шықты. Мұнда тәлім алатын ең кішкентай «Жас дәурен» би ансамблінің мүшелері жасына қарамастан, үлкен жетістікке қол жеткізді. Наурыз айының соңында Алматы қаласында өткен «Алмалы KZ» халықаралық би конкурсына қатысқан балдырғандар бірінші орынды жеңіп алды.
«5 жас пен 8 жас аралығында өткен конкурсқа Қазақстан мен Грузиядан және өзге елдерден барлығы 30 би ұжымы қатысты. Сондықтан қойылған талап та жоғары болды»,- дейді топтың жетекшісі Төлебай Тәжіметов.
Ал он екі қыздар тұратын «Жас дәурендіктер» қазақ және өзбек биін билеп, қазылар алқасын өнерімен тәнті ете білген. Қуантарлығы, қыздардың еңбегі еленіп, олар 2014 жылдың сәуір айында Анталияда өтетін халықаралық конкурсқа жолдаманы жеңіп алды.