Аудандардың әкімшілік шекараларына өзгерістер енгізіле бастады. Отырар ауданына қарасты 131 300 гектар жерді алып жатқан Қожатоғай ауылдық округі Арыс қаласының шегіне қосылатын болды. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы К.Мәсімов 2013 жылғы 28 ақпандағы Әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында тапсырма берген болатын. Аталған ауылдық округ Арыс қаласынан 70 км, ал Отырар ауданынан 150 км қашықтықта орналасқан. Онда Қожатоғай, Байтоғай, Дарбаза және Бұлақ елді мекендері бар. Қожатоғай ауылдық округінің тұрғындары арыстықтардың санын 3357-ге арттыратын болды, мұнда сонымен қатар, 2 балабақша, 1 емхана, 1 аурухана, 1 мәдениет үйі және 1 байланыс бөлімі де бар екен. Айта кетейік, облысымыздың батысында орналасқан киелі мекен Отырар ауданы батысында Қызылорда облысымен, шығысында Ордабасы, оңтүстік-шығысында Арыс қаласы және Сарыағаш ауданымен, сондай-ақ оңтүстік-батысында Шардара ауданымен шектеседі.
Гүлнұр Сәтбаева