25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Өткен ғасырдың 1930 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін оқиғаларының қанды ізін еліміздің қай өңірінен де көруге болады. Әсіресе, Ақмола, Қарағанды өңірінде әлі де зерттелмей жатқан тарихи деректер көп деп ойлаймын. Өйткені Кеңес Одағы бойынша саяси тұтқындарды «Карлагқа», ал олардың аяулы жарларын «АЛЖИР» лагеріне алып келген ғой. «Алжирдің» қысқарған сөз екенін, оның «Акмолинский лагерь жен изменников родины», яғни «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталғанын кейінгі ұрпақ ел тәуелсіздігін алған кезден бері біле бастады. Қазір «АЛЖИР» лагері болған Ақмола ауылында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған мемориалды мұражай кешені бар. Онда әйелдердің адам төзгісіз жағдайда өмір сүргендерін баяндайтын көріністерді көруге болады.

Қазір «АЛЖИР» лагері болған Ақмола ауылында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған мемориалды мұражай кешені бар
Қазір «АЛЖИР» лагері болған Ақмола ауылында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған мемориалды мұражай кешені бар

Соңғы жылдары еліміздің облыс, аудан орталықтарында және зұлматтарды бастан кешкен бірнеше ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер орнатылды немесе тағзым ету орындары бар. Қаралы жылдардың қасіретін нақты құжаттар және сол кезде пайдаланылған экспонаттар арқылы дәлелдейтін мұражайлар ашылды.

Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы ашылған мұражай бар, ол кешеннің директоры белгілі ақын Ханбибі Есенқараева. Жыл сайын мәдени-тағылымдық іс-шараларды кең ауқымда ұйымдастырады. Оған облыстан, өзге өңірлерден де адамдар жиналады. Шара барысында қуғын-сүргін құрбандарының есімдері аталып, құран бағышталады. Жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында тарихи оқиғалардан тәлім аларлық көріністер қойылады.

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Тарихи деректерге көз жіберсек, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесіліпті. Олардың арасында қазақтың оқыған зиялылары, яғни, әр түрлі саладағы ғалымдар, білімді де білікті мәдениет және қоғам қайраткерлері болды.

«Халық жауы» аталып атылғандарды ғана емес, сол кездегі саясаттың кесірінен аштықтан қырылғандарды да саяси құрбандарға жатқызуымыз керек. Өйткені олар 1931-32 жылдары әлдебір соғыста немесе бір аурудан емес, қолдан жасалған аштықтан қырылды емес пе?!

«Шаш ал десе, бас алатын» солақай саясат қаншама ұрпақтың көз жасына қалды? Кеңес өкіметі тап жауларымен күресеміз деп, адамдарды жік-жікке бөлді, халықты аяусыз қырғынға ұшыратты. Мәселен, қазақ халқы бірнеше нәубетті бастан кешті. Әуелі колхоздастыру, одан кейін ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңі – соның бәрі халқымыздың тең жартысынан астамын жойып жіберді. Голощекиннің Қазақстанда «кіші Октябрь» орнатамын деп халықты одан сайын аштыққа ұшыратқаны тарихтан белгілі. Әрбір отбасы осы қасіреттерді бастан кешті. Балалық шақтары осы зұлматқа тап болған біздің әкелеріміз бен шешелеріміз тірі қалғанның өзінде, жетімдіктің азабын шегіп, аштықтың тырнағынан әрең аман қалды. Әкелеріміз бір түйір нанға зар болған кездерін айтушы еді.

Бұл күнді тек саяси қуғын-сүргін көрген қазақтардың ұрпақтары ғана емес, бүкіл қазақстандықтар ортақ аза тұту күні ретінде атап өтеді. Өйткені тарихта «Қызылдар қырғыны» деген атауға ие болған зұлматты жылдарда Кеңес Одағы құрамында болған халықтардың түгелге жуығы азап шекті, аштық құрбаны болды. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері жазықсыз сотталды, жер аударылды, ату жазасына кесілді. Сондай-ақ бірқатар ұлттар депортацияға ұшырап, тамырынан ажыратылды.

«Алжирдің» қысқарған сөз екенін, оның «Акмолинский лагерь жен изменников родины», яғни «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталғанын кейінгі ұрпақ ел тәуелсіздігін алған кезден бері біле бастады
«Алжирдің» қысқарған сөз екенін, оның «Акмолинский лагерь жен изменников родины», яғни «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталғанын кейінгі ұрпақ ел тәуелсіздігін алған кезден бері біле бастады

Ақмола қаласында студент болып жүрген кезімізде «Жастар» шағын ауданындағы мұсылмандар зиратының қараусыз жатқаны жанымызға батып, оны аяқасты етіп, таптауға болмайтынын айтып, мәселе көтердік. Оған аштық жылдары қайтыс болғандар жерленген, кейін қаланың іргесінде болғандықтан 1950 жылдардың соңына қарай ол қорымға жерлеуге рұқсат етілмеген. Содан бейіттер тіптен қараусыз қалған ғой. Қорымның сыртқы қоршауы да жоқ, қазіргідей ағаштар да егілмеген еді. Қала халқы ортасынан тура жүретін төте жол салып алыпты. 1992 жылы осы мұсылмандар қорымын тазарту, айналасын қоршау, күтімге алу туралы мәселе көтеріліп, жастардың «Парасат» ұйымының бастауымен Орталық алаңда митингі өткізілді. Оған қоғамдық ұйымдар да атсалысқан еді. Алғаш рет 1992 жылы 31 мамыр күні студенттердің күшімен мұсылмандар бейітін әр түрлі қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргіздік. Әрбір студент өз еріктерімен қатысты. Үлкен қорымның қоршалуына атсалыстық. Қоршаудың сыртынан бірнеше мәрте ағаш отырғызылды. Мешіттен арнайы адам бөлдіріп, күзетші қойдырдық. Бұл ісімізге қала әкімшілігі қолдау білдірді. Өзім ол кезде қалалық жастар комитетінің төрағасы қызметін атқарған едім. Сол кезде бір қария кісінің жасы сақалына тамып тұрып: «Ойпырмай, мен осы күнді көреді екенмін ғой. Мен мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Қызметтеріңе Алла риза болсын»,- деп айтқаны әлі есімде.

Халқымыз «Өткенсіз болашақ жоқ» немесе «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Бұл жерде өліні риза қылсаң, байып кетесің деп тұрған жоқ, яғни, бұл – өмірден өткен ата-бабаларыңды ұмытсаң, оларды қастерлемесең, сенің де ісің оңбайды, мақсатың орындалмайды деген сөз. Осы орайда, Қазақстан Президенті өзінің Жарлығымен 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Біз де ата-бабаларымызды, әкелерімізді еске алып, бейіттеріне барып, құран бағыштап, енді ондай қасіреттің болмауын тілейміз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы 14 желтоқсанда халыққа арнаған Жолдауында өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек екенін баса айтқаны белгілі. Ендеше, біздің жас ұрпақ елін сүйетін, азаттық жолында құрбан болған ата-бабаларын қастерлейтін азаматтар болып өсуі керек. Бір сөзбен айтқанда, 31 мамыр – саясаттың құрбаны болып жазықсыз жапа шеккендерді еске алатын және өткеннен сабақ алатын күн.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракция мүшесі