Созақ ауданының әкімі

«А» корпусына іріктеудің екінші кезеңі басталды. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен облыстық комиссия өз жұмысын бастап кетті. Үш күнге созылатын комиссияның отырысына бірінші болып, тесттен сүрінбей өткен аудан-қала әкімдері мен орынбасарлары келді.

байқау барысы
байқау барысы

Емтихан қабылдаушы – мұғалімнің орнында облыс әкімі. Жауап берушілердің орнында әдеттегідей оқушылар емес, аудан-қала әкімдері. Айырмашылығы осы ғана демесеңіз, оларда билет алып, қойылған үш сұраққа жауап береді. Бірінші болып Түлкібас ауданының әкімі сынақ тапсырды. Екінші болып әділет басқармасының басшысы бағын сынады. Ауызша сұрақтан сүрінбеген шенеунікке қосымша сұрақ қиынға түсті.

Созақ ауданының әкімі
Созақ ауданының әкімі

Үш бар жерде-күш бар деп, Созақ ауданының әкімі 26-билетті ала сала, тақылдай кетті. Берілген үш сұраққа мүдірмей жауап берді. Көтеріңкі көңіл-күймен шығып, әріптестеріне сәттілік тілеп, бізбен өз ойын бөлісті.

әріптестер сәттілік тілесуде
әріптестер сәттілік тілесуде

Аманғали Аймырзаев, Созақ ауданының әкімі: «Күнделікті мемлекеттік қызметте кездесетін сұрақтар келді. Талап жоғары болған соң, дайындықты да қатаңдаттық. Енді бұл сынақтан да кедергісіз өтеміз деп ойлаймын. Ешқандай қорқу, қобалжу болған жоқ».

Ал осы кезде, кезегін күтіп тұрған әкімдердің жүзінен қобалжуды байқадық. Жауап парақтарын қайталап, дайындықтарын пысықтап тұр. Олардың арасынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Әшірбеков қана бізге көңіл бөліп, аса дайындықпен келгенін айтты.

әкімдер қобалжу үстінде
әкімдер қобалжу үстінде

Бақытжан Әшірбеков, қала әкімінің орынбасары: «Дайындалып келдік. Айтады ғой, шешінген судан тайынбас деп, сол сияқты бұл сынаққа кіруге дайынбыз. Жақсы тапсырып шығамыз деген ниеттеміз».

Облыстық комиссияда бағы жанғандарды енді ұлттық комиссияның сынағы күтіп тұр. Сан қырлы сабақтан өтіп, білімі мен біліктілігін, сондай-ақ, іскерлігін көрсете білген азамат қана жайлы «креслоға» жайғаса алады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kh7OsJpADJA[/youtube]