«А» корпусына тест тапсырғандардың біразы сүрініп үлгерді

448
1359 үміткердің 550-і ғана «А» корпусына өтеді

«А» корпусына қойылатын талап пен жүктелген міндет  өте ауыр. 15-мамыр күні үміткерлер үшін басталған тест сынағы көптеген мемлекеттік қызметкердің тағдырын талқыға салды. Биліктен үміті бар оңтүстікқазақстандықтардың саны басында 90 болатын. Бірақ, тең ортасында додадан бас тартқандар болыпты.

1359 үміткердің 550-і ғана «А» корпусына өтеді
1359 үміткердің 550-і ғана «А» корпусына өтеді

Тест тапсырушылардың алғашқы легінде өңірімізден 4 азамат болған. Тізімде Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Абдуалиев, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат  Жанисенов, Арыс қаласы әкімінің орынбасары Абзал Аликулов пен Кентау қаласының әкімі Бахытбек Байсаловтар бар. Бұл азаматтардың арасында Абзал Аликулов келесі кезеңге өте алмады.

17-мамыр  күні тест сынағының үшінші күнінде оңтүстіктен бағын сынаған 19 азаматтың арасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов пен Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев, Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев, Арыс қаласының әкімі Сейт Ертай сыннан сүрінбей өтсе, Абай ауданының әкімі Жамбыл Байғонов, Бәдібек ауданының әкімі Райымбек Жолдас, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы  Мұхит Отаршиев тест тапсыра алмай, келесі турға жіберілмеген.

19-мамыр күні облыстан 11 азамат тестке жіберілген. Олар облыс әкімі аппаратының меңгерушісі-Сұлтанғали Атыхаев, әділет департаментінің бастығы Ерлан Дауылбаев, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бастығының орынбасары Бастар Есқараев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шоқан Кенжеев, облыстық қаржы басқармасының бастығы Роза Исаева, Еңбекші ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Сыдықов, Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков.

Ал бүгін, яғни, 20-мамыр күні ҚР су ресурстары комитетінің төрағасы-Ислам Әбіш, облыстық мәслихаттың депутаты-Нұралы Әбіш, мәдениет басқармасының бастығы-Күлия Айдарбекова,  Берік Әлзақов, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары-Әбілдабек Жазылбек, білім басқармасының бастығы Альбина Елшиева, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы -Ербол Садыр, әл-Фараби ауданының әкімі- Нұрбақыт Иманқұлов, облыстың бас энергетигі- Батырбек Көшербай, Талғат Төлендиев, тексеру комиссиясының мүшесі-Шалабай Сырым. Әзірге қайсысының асығы алшысынан түскені беймілім.

Анығы, сынақтан сүрінгендерді мемлекеттік қызметпен қоштасу күтіп тұр. Ал бағы жанған тұлғаларды облыстағы комиссия сыны мен 9 азаматтан құралған ұлттық комиссияның таразысы күтіп тұр. Сан қырлы сабақтан өтіп, білімі мен біліктілігін, сондай-ақ, іскерлігін көрсете білген азамат қана жайлы «креслоға» жайғаса алады.