Ауыз судың азабы прокурорларды да алаңдата бастады

325
Прокурорлар ауызсу мәселесін қарады
Прокурорлар ауызсу мәселесін қарады
Прокурорлар ауызсу мәселесін қарады

Облыстық прокуратурада «Елдімекендерді ауыз сумен қамтудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен республикалық онлайн режиміндегі бейне-конференцияға Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мамандары мен Бас прокуратура өкілдері, Мәжіліс депутаттары қатысты. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалауға кіріскен прокурорлар бұдан былай «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асуын жіті қадағалауға алмақ.

«Таза су» бағдарламасы бойынша бөлінген миллиондаған қаржыны талан-таражға түсіруде біздің облысымыз да қалыс қалар емес. Жергілікті прокурорлар бағдарламаның орындалу барысын тексеру кезінде Сарыағаш, Мақтаарал, Ордабасы аудандарында көптеген келеңсіздікті анықтаған. Мәселен, Ордабасы ауданындағы Семхоз ауылының ауыз су құрылысына бөлінген 25 миллион теңге талан-таражға түскен. Осындай келеңсіздіктерге жол берген Ордабасы аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен мердігер мекеме басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал халықының саны көп Сарыағаш және Мақтаарал аудандарындағы жағдай тіпті сорақы. 10-нан астам елдімекен тұрғындары қағаз жүзінде ғана ауыз суға қарық болған. Себебі, бір миллиардқа жуық теңгеге тартылған құбыр суын ішу мүмкін емес. Өйткені ұңғымадан шыққан жерасты суы санитарлық талаптарға сай келмейді. Осылайша құзырлы ұйым қызметкерлері мемлекет қаржысын талан-таражға салғандарды сотқа сүйреп жүргенде, мыңдаған ауыл тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан су қоры аз мемлекеттердің қатарына жатады. Десек те елімізде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 2011-2020 жылға дейінгі «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Өкінішке қарай бұған дейінгі осындай бағдарламалардың бірі де кемшіліксіз орындалмаған болатын. Соңғы жарты ғасырда елімізде ауыз суды пайдалану көлемі 8 есеге жуық артқан екен. Мамандардың пайымдауынша, ағымдағы жүзжылдықтың орта кезінде 50 ел суды импорттауға мәжбүр болмақ. Ал 2025 жылға қарай 7 миллиард адамның 3 миллиарды су тапшылығын сезінеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3bjHUNGtMFs[/youtube]