Бұрынғы мен қазіргі мәслихаттың айырмашылығы жер мен көктей

Шәріпбек Жамалбек, облыстық мәслихаттың депутаты
Шәріпбек Жамалбек, облыстық мәслихаттың депутаты
Шәріпбек Жамалбек, облыстық мәслихаттың депутаты

«Оңтүстік Рабат» газетінің «Шыныңызды айтыңызшы…» айдарының бүгінгі қонағы, облыстық мәслихаттың депутаты, Шәріпбек ЖАМАЛБЕКОВ.

– Шәріпбек аға, мәслихат депутаты болып жүргеніңізге 10 жылдай уақыт болыпты. Жаңылыспасақ, ең алғаш рет 2003 жылы Бәйдібек ауданынан сайлауға түстіңіз. Сол кездегі мәслихат пен бүгінгі мәслихаттың айырмашылығы неде? «Бүгінгі мәслихаттың азуы жоқ» деген де пікірлер бар.

– Әрине, 2003 жылдан бері ел дамуында көп нәрсе өзгерді. Ол кездегі мәслихат пен бүгінгі мәслихатты салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей. Мәслихаттың рөлі, пәрменділігі артып келеді. Бұл өңірге бөлініп жатқан қаржы көлемінің жыл сайын артып отырғандығымен де байланысты. Мәселен, 2003 жылы облыстың бюджет небәрі 70 млрд теңгені төңіректейтін. Қазір бұл көрсеткіш 361 млрд теңгені құрап отыр. Бюджет өсімі 5-6 есеге дейін артты. Аудандар да солай. Мен бұрын ауылдық жерде ғана шиеленіскен проблемалар көп болатын шығар, қалада қай мәселе болмасын, тез шешілетін болуы керек деп ойлайтынмын. Шындығында олай емес екен. Қалада да қордаланған мәселелер көп. Айталық, газ, жарық, судың мәселесі қалалықтарды да көп мазалайтынын көріп отырмыз. Бүгінде халық мұң-мұқтажын айтып, бізге келеді. Бұл да мәслихат депутаттарының ел сеніміне ие екенінің айғағы. Оның үстіне жылдан-жылға мемлекет түрлі бағдарламаларды қолға алып келеді. Оның ішінде «Қолжетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамту-2020», шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар көп мәселелердің оңтайлы шешілуіне себеп болып жатыр.

– Сіз «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалында қоғамдық қабылдау бөліміне жетекшілік етесіз. Сіздерге халық мұң-мұқтажын айтып көп келеді. Алайда, қабылдаулардан мәселесі шешілмей, ұнжырғасы түсіп қайтатындары да жоқ емес. Солардың біразы біздің де редакцияға келіп, көмектесуімізді өтініп жатады. Сонда қабылдаулар мен ашық есік күндерін өткізу тек есеп беру үшін ғана қажет болғаны ма?

– Өзім қатысатын қабылдауға келген азаматтардың мұң-мұқтажы 70-80% оң шешіліп жатады. Біз мұқтаждықтарына қарай оларды құзырлы мекемелерге, ондағы жауапты қызметкерлерге жолдаймыз. Мәселе мемлекеттік қызметкерлердің сол азаматтарды қабылдауында, арыз-шағымымен жұмыс істеуінде болып тұр ғой. Әрине, халық арасында шағымын айтып, журналистерге жүгінетіндер де және БАҚ арқылы шешімін тауып жатқан мәселелер де көп. Оны жоққа шығара алмаймыз. Біздің де міндетіміз – халықтың мұңын билікке жеткізу, оның шешілуіне атсалысу. Бірақ бұл жерде мемлекеттік мекемелер мен ондағы қызметкерлердің өз ісіне жауапты қарауы да маңызды.

 

Сарыағашта 11 мектеп әлі күнге 3 ауысымда білім береді

– Айтыңызшы, жұрттың арыз-шағымы әсіресе қай салаға қатысты болып келеді?

– Көбіне халық жұмыссыздық, баспана мәселесі, жер қатынастарына қатысты мәселелерімен шағымданады. Өкінішке қарай, ондай азаматтардың қатары азая- тын емес.

– Бұл сонда өзіңіз айтып отырған «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламаларының әлі де болса бұл мәселені толыққанды шеше алмай отырғаны ғой…

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы елімізде 2011 жылдан бастап қолға алынды. Алғашқы жылы ол пилоттық жоба ретінде қаралды. Жемісін енді көреміз деген үмітте отырмыз. Қазір «Нұрсәт» шағынауданында 480 пәтерлік үй салынып жатыр. Оларға еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатында облыстағы экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден тұрғындар көшіріледі. Бұл да өз кезегінде баспана мәселесін реттеуі тиіс. «Қолжетімді бас- пана» бағдарламасында жас отбасыға жеңілдік қарастырылып жатыр. Шымкент қаласының көлемі де ұлғайып келеді. Төле би, Сайрам, Ордабасы аудандарының бірқатар елді мекендері қалаға енеді. Бұрын қала көлемі 37 мың шаршы километр болса, енді бас жоспар бойынша 117 мың шаршы километрге ұлғаймақ.

– Мәслихаттағы әріптесіңіз Өмірзақ Мелдеханов мырза қаладағы халық саны көбейіп жатқанымен, соған лайықты коммуналдық қызметтің жолға қойылмай жатқанын жиі сынайды. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Қала статусына кіргеннен кейін ондағы жағдай да соған лайықты болуы керек. Ол үшін ауызсудың, газдың, жарықтың жаңа көздерін іздестіру қажет. Мәселен, Сайрамда су ұңғымасы бар. Менің білуімше, сол жерде ұңғыма толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ қазір. Қосымша көздерді іздестірмей болмайды. Әрине, қаланың ұлғаюына байланысты көп өзгерістер болады. Құзырлы мекемелердің жұмысына көптеген өзгерістер енгізілмек. Халықтың тұрмыстық қажеттіліктері бас-ты назарда. Бұл жұмыстардың барлығы қомақты қаржыны қажет етеді. Жақында мен осыған байланысты облыстық қаржы басқармасына хат жолдап, жауабын алдым. Басқарма бастығының сөзіне сенсек, қаржы тетіктері де қарастырылып қойған екен. Шымкенттің қазіргі жағдайында да ауызсу, электр жарығы, көгілдір отын, жолға қатысты мәселелер қордаланып қалған. Кезінде 5-6 соттық жерді иеленіп алған кейбір пысықайлар иін тірестіріп үйлер сала берген. Бұл көріністер инфрақұрылым жүргізуде кедергі. Қалаға жапсарлас елді мекендердегі бас ауру – мектеп мәселесі. Таяуда «Қазығұртта» 1200 орындық мектеп салынды. «Құрсайда» 900 орындық мектеп салынып жатыр. Соның өзінде екі шағынауданға да әлі 1200 орындық екі мектеп қажет. Келесі жылы шешімін тауып қалу керек. Ұсыныс жасағанбыз.

– Мектеп демекші, Елбасы Оңтүстікте бой көтеріп жатқан мектептерді «Хуан Карлостың» сарайына теңеді. «Бассейн мен ботаникалық бақтың қажеті жоқ. Қаржыны шығындамайық»- деді. Сіздің ойыңыз қалай? Өзіңіз айтып отырған «Қазығұрт», «Сәуле» шағынаудандарында осындай мектептер бар ма?

– Бассейн мен бағы бар мектептер жоқ. Дегенмен, Елбасының айтып отырғаны орынды. Бірақ, бұл орайда біздің өңірде халықтың көп шоғырланғанын ескеруіміз керек. Әрбір бесінші оқушы біздің облыста оқиды. Орта есеппен жылына 75 мың бала дүниеге келеді. Жыл сайын 15 мың бала мектепке барады. Бізде әлі де 3 ауысымда білім беретін мектептер бар. Бір ғана Сарыағаш ауданында 11 мектеп 3 ауысымда білім беріп жатыр. Алайда, мектеп салу кезінде көп нәрсенің ескеріле бермейтіні де жасырын емес. Мәселен, сол Сарыағаш ауданының шалғайдағы бір елді мекенінде 250 орындық мектеп салынған. Негізі ол жерге 150 орындық болса, жеткілікті екен. Қазір мектептің белгілі бір бөлігі қаңырап бос тұр. Ал басқа ауылдағы мектептер балаларды сыйғыза алмай жатыр. Менің айтып отырғаным бір ғана мысал. Басқа аудандарда да мұндай жағдайлар жетерлік.

 

Бәйдібек пен Шардара артта келеді

– Жақында аудан әкімдері есеп берді. Қай аудандар әлеуметтік даму бағытында алда келеді?

– Созақ пен Отырар аудандары бүгінде өз-өзін қамтамасыз етіп, тіпті облыс бюджетін де қаржыландыратын жағдайға жетіп отыр. Уран өндірісінің жолға қойылғаны халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне себеп болып отыр.

– Көшке ілесе алмай келе жатқандары қайсы?

– Бәйдібек пен Шардара аудандары әлі де болса көп көңіл бөлуді қажет етеді. Елдің тұрмысын түзететін өнеркәсіп көздерін ашуды қарастыру қажет.

– Есеп беру кезінде қаржының игерілмей қалғаны жиі айтылады. Бұрын қаржы жоқ деп қиналатын болсақ, қазір бар қаржының өзі пайдаланылмай, мемлекетке кері қайтарылып жатады. Мұны қалай реттеуге болады?

– Мұндай жағдай тек бізге ғана емес, бүкіл республикаға тән. Аудандарға қатысты айтсақ, ондағы әкімдер өзіне қажетті қаржыны нақтылап көрсетуі тиіс. Артылып қалады-ау деген қаржы жөнінде алдын ала хабар беріп, оны қажетті құрылымдарға бағыттап отыру керек. Ол үшін әкім сауатты, білімді болуы қажет. Қаржы игерілмей қалды ма, оны қазынаға қайтару керек деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Қаржыны қажет ететін құрылымдарды саралап,игерілмей қалғанын соларға бағыттау керек. Мәселен, бүгінде тұрғын үй мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Әр өңір бұл мәселесін сол игерілмеген қаржыдан шешіп отырса, онда талай түйткілдердің түйіні ағытылар еді.

– Депутаттар қатарын негізінен, кәсіпкерлер құрайды. Соның бірі өзіңізсіз. Алайда, халық арасында «кәсіпкерлер депутаттыққа өз мүдделері үшін келеді, діттегендері – тендер шешілетін ортамен «дос» болу» дейтіндер де табылады. Шындығында қалай? 

– Кәсіпкерлердің депутат болуы не үшін қажет, алдымен, осыған жауап беріп көрейік. Кәсіпкер дегеніміз – қолынан іс келетін адам. Екіншіден, қалталы азамат. Сайланған округіндегі жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп, әлеуметтік нысандардың құрылысына қол ұшын соза алады. Әрине, мұсылмангершілікке келгенде, ол парыз. Дегенмен, кәсіпкерлердің депутат болғанын қаламайтындар аз емес. Бірақ, өз басым осы күнге дейін «тендерге көмектес» деп ешкімнің алдына бармаппын. Онсыз да кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы жеткілікті. Соны ізденіп, иелене білу керек. Оны әрі қарай сауатты жұмсап, ісіңді алға жылжытудың қамын жасағаны дұрыс. Әріптестердің арасында кәсіпкерлер көп. Мен осы уақытқа дейін олардың бірінің депутаттығын пайдаланып, біреуге барып, көмек сұрағанын көргенім жоқ. Абыройы болса, ондай істер өз-өзінен шешіліп жатады.

– Ендеше, әңгімемізді түйіндейік. Аға, пайғамбар жасына да келдіңіз. Сіз үшін өмірдің мәні неде? 

– Өмірдің мәні – артыңа жақсы із қалдыру. Тым болмағанда ұрпағың үлгі алардай із қалдырсаң, өмірден бекер өтпегенің.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал Рысбаева