Түркістанда жеке кәсіпкер жаңа медициналық орталық салмақ

35

Түркістанда жаңа медициналық мекеме бой көтереді. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жеке инвесторлармен өткізген жиынында айтылды. Кәсіпкер есебінен салынатын жаңа нысан 800-ден 1000 адамға дейін қызмет көрсетпек. Киелі шаһарда қолға алынатын жаңа жоба туралы тілші тарқатады.

Түркістанда медициналық мекемелер қатары көбейеді. Киелі шаһарда жеке кәсіпкер есебінен жаңа сауықтыру орталығы салынбақ. 3 қабатты нысан 800-ден 1000 адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы болады дейді жауапты инвестор. Жаңа жоба облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төралығымен өткен жиынында таныстырылды.

Ислом Атажанов, жеке кәсіпкер: «Жаңа қаладан» сауықтыру орталығының құрылысын бастап, астыңғы қабатты диагностикалық, ал үстіңгі қабатты емхана қылуды ұсынып отырмыз. Заманауи құрылғылар УДЗ, тамография, рентген апараттарын алып, жұмысты бастасақ деп отырмыз. Нысан 3 қабатты, 800-1000 орынды болады. Қазіргі таңда өз қаржымыздан 500 млн теңге бар. «Халық банктан» 300 млн теңгеге рұқсат алып қойдық»

Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтты. Жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтыны да қатаң ескертілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс»

Жиналыста Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Сондай ақ, облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілді.