Энерготапшылық бізде ғана емес әлемде туындағалы біраз болды. Жер асты-үстіндегі қазба байлықтардың бір күні сарқылатындығы ақиқат. Осыны түсінген Еуропа балама қуат көздерін іздеуге көшті. Желден, күннен, судан электр өндіруді бастады. Жапондар үйлерінің төбесі мен қабырғасына күн батареяларын орнатып жатса, француздар Альпінің етегінен Сенаның сағасына дейінгі аралықты жел диірменге толтырды. Осы ретте ұланғайыр жері бар, Арыстанды-Қарабастыдай, Сарырқаның самалындай азынаған желі бар, өзен-көл мен күннің көзінен тапшылық көрмейтін Қазақстанның да қарманып қалар сәті туды.
Мамандардың ойынша, біз энергияны үнемдеуді үйрену арқылы ғана тығырықтан шығамыз. Былтыр «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңның қабылдануы да сондықтан. Бұл құжат әлгі электр станцияларын салу, балама энергия көздерін табудан бөлек, Ильич шамдарынан кезең-кезең бойынша құтылуды да міндеттейді. Бұл тапсырма қазір орындалып та жатыр. Заңға сәйкес, 2012 жылдың 1-ші шілдесінен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынды. Ал, биыл қаңтардың бірінен бастап, 75 ваттық лампаларды қолдануға болмайды. 2014 жылы 25 ваттық лампаларды өндіру, саудалау заңсыз болмақ. Олардың орнын энергоүнемдеуші лампалар басады.
Энергия үнемдеуші шамдардың түрі:
Сынапты лампаларды қабылдайтын орын жоқ
Жарық үнемдейтін лампалар 8 жыл «қызмет етеді» дейді. Дегенмен, жарамсыз болып қалған, қолданылған жарық үнемдегіш лампаларды қоқысқа тастаған өте зиян. Жарық үнемдейтін лампаның құрамында 3-5 мг аралығында сынап болады. Бұл – аса қауіпті химиялық зат. Оның буы улы және бұл уланудың ауыр түріне алып келеді. Сынаптың түсі мен иісі болмағанымен, топырақ пен суға түскен жағдайда қоршаған ортаға зор залал келтіреді. Аталмыш лампалардың тез сынатынын ескерсек, олардың адам мен қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп отырғанын шамалауға болады.Қолданыстан шыққан лампаларды арнайы орындарға өткізу әзірше мүмкін емес. Лампаларды пайдаға асыратын ұйымдар тек қана заңды тұлғалармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Бүгінде облыс жұршылығын құрамында сынапы бар заманауи электршамдарының мәселесі алаңдата бастады. Қазір облыста олардың істен шыққандарын қабылдап, көзін жоятын бірде-бір арнайы орын жоқ. Сондықтан, тұрғындар оларды қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Ал, бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сынаптың қаншалықты адам ағзасына зиян екендігі көпке мәлім. Ал, қазіргі электр қуатын үнемдеуші шамдар химиялық зат қосылып жасалуда. Қазір олар ел арасында үлкен сұранысқа ие. Ал, істен шыққандарын тұрғындар амалдың жоқтығынан тұрмыстық қоқыспен қоса тастауға мәжбүр.Қазір бұл мәселені шешудің жолдары республикалық деңгейде қарастырылып жатыр. Әзірге оңтүстіктің халқы мен табиғатын қорғау үшін жергілікті әкімдік уақытша шараларды қарастыратын болады. Қолданылған лампаларды залалсыздандыру мәселесіне ешкім аса алаңдамайды.
Есесіне лампа орамында жарамсыз лампалармен не істеу керектігі жазылмаған, көрсетілмеген. Тұрғындарға пайдаланылған лампаларды тиісті орындарға өткізуді насихаттайтын түсіндіру жұмыстары да жүргізілмей отыр. Ал жоғарыда біз атап өткен елдерде тіпті сынған шыныларды қабылдайтын орындар бар, олар өткізген затыңыздың көлеміне қарай ақы төлейді. Айтпақшы, жақында Үкіметтің отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Тілеушин мұны сынапты шамдарды табиғатқа зиян келтірмей, жою мүмкіндігінің елімізде жоқтығымен түсіндірді. «Біз бұл проблеманы тұтастай шешудің мүмкін еместігін көріп отырмыз», – деді ол Үкімет мүшелеріне. Яғни, әзірге утилизациялауды толық жүзеге асыру мүмкін болмай тұр.
Мақпал РЫСБАЕВА
P.S. Салғырттығымыз ба, құнтсыз-дығымыз ба? Денсаулығымызға зиянды лампалардың көзін жоюды ойластырмас бұрын, оларды тұтынуды заңдастырып алдық. Күні ертең қауіпті химиялық заттан зиян шегіп, бар байлығымыз денсаулығымыздан айырылып жатсақ, кімге кінә артпақпыз… Әйтеуір, энергия көзіне тоймайтын қомағай деп атап жүрген Ильич шамымен жылап көріспесек болғаны…
Жанболат Туғанбаев, облыстық Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры
– Қазір аймақта мұндай шамдарды қабылдап, сақтайтын бірде-бір пункт жоқ. Аудандық, қалалық әріптестерімізбен тексеру жүргіздік, істен шыққан шамдар қала сыртындағы қоқыс полигонында үйіліп жатыр. Бұл қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіруде. Жергілікті әкімдік пен мәслихатқа ұсыныс жолдадық, енді әр ауданда арнайы пункттер ашылу керек.
Тұрғындар болса, арнайы орындардың ашылуы мәселені біржолата шеше алмайды, деген пікірде. Олар арнайы барып істен шыққан бір шамын сонда алып баратын адам аз деген сенімде.