Тәуелсіз Қазақстанды бастамашыл, іскер әйелдерсіз елестету мүмкін емес! ОҚ, Қызылорда, Жамбыл облысының қыз-келіншектері осылай дейді. Шымкентте бүгін Республикалық әйелдер форумы өз жұмысын бастады.
Опера, балет театрының фойесі таңертеңнен ерекше күйге бөленген. Скрипкашылар да өз өнерімен нәзік, сымбатты келіншектерді әдеттегіден де тартымды етіп көрсетуге тырысатындай. Біздің арулар бұл жолы да ынтымағы берік, өздерінің жан-жақты екенін таныта білді.
Елді дамытуда қазақстандық әйелдердің рөлі үлкен. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Жиынға қатысқан ер азаматтар да мұны қайта-қайта нақтылады. Қағазға қарап оқыса да, олар нәзік жандылардың ерен еңбегіне тәнті екенін екі сөзінің бірінде сандармен келтіруге тырысты. Алайда, іс жүзінде олай бола бермейді.
Форум жұмысына Президент кеңесшісі, Елбасы жанындағы әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты. Әйелдердің белсендігі мен тәжірибесі барлық салада басым саналатын Оңтүстік Қазақстанда аталған форумның ұйымдастырылуы тегін емес. Демографиялық өсім жағынан алдыңғы орындағы өңірде шағын бизнесті дөңгелетіп жатқан арулар аз емес. Пайыздап келтірсек, 61-ге жеткен. Осындай көрсеткіш қыз-келіншектердің саяси белсендігіне де қажет.
Бүгінгі форум аясында әйелдердің саясатқа тартылуы, отбасы құндылықтары тақырыбында практикалық семинарлар мен секциялық сабақтар да өтті. Ойын ортаға салып, пікірлермен алмасып, форумға қатысушылар бір серпінді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=39UrnADR7gQ[/youtube]