Түркістан облысында бизнестің 30 пайызы іскер әйелдердің жетекшілігінде

274

Іс-шара Азия Даму Банкінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өтті.

Түркістан, Кентау, Арыс қаласының әйелдері арасында «Ауыл-аймақта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» тақырыбы бойынша өткізілген семинарға Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы менеджер-кеңесшілері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банктердің, микроқаржы ұйымдарының өкілдері кәсіпкер әйелдерге ауылдағы бизнесті қолдау бағдарламалары туралы айтып беруге, сонымен қатар өзекті мәселелерді талқылауға жиналды. Іс шараға облысымыздың 50-ге жуық іскер әйелдері қатысты.

Екі күндік семинар барысында кәсіпкер әйелдер іскерлік дағдыларын үйреніп, кәсіпкерліктің құқықтық және қаржылық мәселелерін зерттеуді, жеке брендингтің бизнес жоспарларын дұрыс құруды, әлеуетті клиенттерді табуды, жарнама құруды және Интернет арқылы бизнесті жылжытуды үйренді. Сондай-ақ, қатысушыларға қаржылық сауаттылық және жеке басының өсуі туралы айтылып, әйелдер бизнесті дамыту үшін әр түрлі қаржылық қолдау шараларымен танысты.

Тренер Қызылорда облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, «Keysource Kazakhstan» ЖШС оқу орталығының құрылтайшысы Жанна Аманова болды. Ол түркістандық әйелдерге бизнестегі өзгерістер туралы, бизнесті қалай ашуға болатындығы және тез табыс табу жолдарын айтты.

«Әр кәсіпкер, бұл көшбасшы, ол алдымен шешім қабылдап, ол үшін жауап беруі керек. Кез келген адамның, кез-келген әйелдің ең басты ісі бұл қоғамға пайда әкелу. Бұл өте маңызды. Қаладан, ауылдан келген әйелдер осы семинардан білімдерін жаңартып, өздеріне сенімділігі артады деген сенімдемін», – деді ол.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының кеңесші-менеджері Жанполай Бердібай қатысушыларға кәсіпкер әйелдер пайдалана алатын қолданыстағы бағдарламалармен таныстырды.

Ол кәсіпкер әйелдерге «Бастау», «Жас Кәсіпкер», «Іскерлік байланыстар» және «Бизнес кеңесші» сынды пайдалы жобалар бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрене алатындығын атап өтті. Семинарға қатысушылардың көпшілігі бұл бағдарламалармен жақсы таныс екендіктерін айтты.

Кездесу барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджері Данагүл Зуфтарова кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары туралы толық ақпарат берді.
Атап өтейік, Түркістан облысында 138 мың кәсіпкерлік субъектісі бар болса, оның 30% – ы бизнес-ханымдардың жетекшілігінде.