Шекара шебін Нұрсұлтан күзетіп тұр

Нұрсұлтан Досжанов

Елдің тыныштығын күзетуде шекарашыларға жүктелер міндет ауыр. Ал жас болса да, шекара шебінде бас бола білген Нұрсұлтан Досжановтың еңбегі атап өтерліктей. Рас, шекара мығым болғанда ғана елдің ұйқысы тыныш, тіршілігі шуақты. 23 жастағы Нұрсұлтан осыны көкейіне нықтап түйген. Ол бүгінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2037 әскери бөлімде заставаның басшысы. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейтін қағиданы ұстанатын шекарашының алға қойған жоспарлары да баршылық.

Нұрсұлтан Досжанов
Нұрсұлтан Досжанов

Отан қорғаушылар мерекесіне орай шекарашылардың тыныс-тіршілігіне бір сәт үңіліп көрген едік. ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2037 әскери бөліміне арнайы бардық. Біздің келгендегі мән-жайымызға қаныққан бөлімнің командирі Иван Кривинцов жоталы жұмыс жоспары жөнінде әңгімелей жөнелді. «Біздің бөлім жергілікті әкімдікпен, әскери органдармен тығыз қарым-қатынаста. Біздің әскери қызметшілеріміз бокс, күрес спортынан Жетісайда өтетін сайыстарда күш сынасады», – дейді бөлімнің командирі, подполковник И.Кривинцов.

2007 жылдың 1 қазанында ҚР ҰҚК төрағасының бұйрығымен құрылған әскери бөлімде он беске жуық застава бар. Негізінен қазақ-өзбек мемлекеттік шекара аумағын күзетеді. Командирдің айтуынша, қоластындағы әскери қызметкерлердің бәрі де білім-біліктілігі жоғары мамандар. Қызметкерлер әскери оқу орындарынан тікелей таңдалып, іріктеліп алынады екен. Сонымен бірге, жауынгерлердің арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Басшылар ұжымның көптігімен әрі олармен жұмыс істеу қызық екендігін айтады.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді қазақ. Осы бөлімде қызмет атқаратын Нұрсұлтан Досжанов жас болса да, алғырлығымен, білімділігімен көзге түскен азамат. Нағыз өз ісінің маманы деуге лайық. Жиырманың төңірегіндегі бозбала болса да «Қарақұдық» шекара заставасына басшылық етеді екен. Тұлғалық қасиеті мол шекарашының мақсат-мүддесін білудің сәті түсті. Не себепті бұл саланы таңдағанына қанықтық. Томаға тұйық көрінгенімен, пайымды азамат сұрақтарымызға именбей жауап берді.

23 жастағы Нұрсұлтан осыны көкейіне нықтап түйген. Ол бүгінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2037 әскери бөлімде заставаның басшысы
23 жастағы Нұрсұлтан осыны көкейіне нықтап түйген. Ол бүгінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2037 әскери бөлімде заставаның басшысы

– Әу баста арманым офицер болу еді. Отанымды жаудан қорғап, елдің тыныштығын күзетуді мақсат тұттым. Өзім Түлкібас ауданының Машат ауылында туып — өскенмін. Ауылдағы мектепті 9 сыныпқа дейін тауысып, 2005 жылы Шымкенттегі С. Рақымов атындағы әскери мектеп интернатта білім алудың сәті түсті. Одан кейін Алматыдағы Шекара қызметі академиясын ойдағыдай бітірдім. Бұл бөлімге ең алғаш 2011 жылдың шілдесінде келгенмін. Қабілет-қарымымды байқаған басшылар мені бірден «Орынбай» заставасы басшысының орынбасары етіп бекітті. Көп ұзамай жаңа застава ашылып, сонда басшылық қызметке тағайындалдым. «Қарақұдық» бөлімшесі өткен жылдың сәуір айында ашылған еді. Сол кезден бері осы қызметтемін», – дейді болашағынан мол үміт күттіретін шекарашы Н. Досжанов. – «Шекара қызметінің жауаптылығы, маңыздылығы сонда, ел аумағына төніп келе жатқан қауіпке ең әуелі біз тойтарыс беруіміз керек. Мемлекеттік шекарадан ешкімді өткізбеуге, қарулы қақтығыстың алдын алып және мемлекеттік құпияларды сақтауға мүдделіміз. Ол үшін шекарашыға ең әуелі қатаң тәртіп қажет-ақ. Отан қорғау үшін өте білімді, сабырлы, ержүрек, һәм патриот болуға тиіспіз. Мен сөзден іске көшкенді құп көремін. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді ғой халқымыз. Сол себепті ең алдымен білімге арқа сүйейтінім бар.

Осындай білім-біліктілігінің арқасы шығар, жас шекарашының мақтау қағазы мен Алғыс хаттары да бір басына жетерлік. Айтуынша, өңірлік басқарманың басшылары және облыс әкімінің алғыс хатын иеленіпті.

Әскери қызметтегі ұлға отбасы да әманда тілекші. Үнемі қолдап-қуаттап жүретінін ол мақтанышпен айтады. «Отбасымызда менен бөлек, інім де әскери салаға ойысты. Оған менің мақтау қағаздарым, алғыс хаттарым әсер еткен сияқты. Сонымен қоса, әскери киіміме таңданыспен қарайтын. Қазір інім Ақтөбедегі ІІМ-нің оқу орнында 3 курста оқиды»- дейді шекарашы бойын қуаныш кернеп. «Бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ. Тәрбиелі отбасының ортасы тағы бір әскери адаммен толыққан сыңайлы. Нұрсұлтанның болашаққа бағыттаған ой-жоспарлары да мол. Арман-мақсаттарын таңертең жұмысқа келгенде бір күннің ішінде орындағысы келетінін жасырмайды. Құрылғанынан бері «Қарақұдық» заставасы сайыстарда осы кезге дейін тек үштіктен көрініп келеді. Ұжымның жауынгерлік тактикасы мығым әрі ұйымшыл.

Шекара дегенде ең әуелі контрабандалық тауарлар ойымызға оралатыны бар. Ел аумағына өтпек болған заңсыз тауарларды құрықтау шекарашылардың негізгі міндеттерінің бірі. Ал Досжанов мұндай заңсыздықтармен бетпе-бет күресуде тайсақтаған емес. Бұл жөнінде өзі: «Кейбір адамдар контрабандалық тауарлар сатып күн көріп жүр. Қандай қиын жағдайлармен бетпе-бет келсек те, міндетімізді орындауға тырысамыз. Өзім басшы болып келгелі біздің застава бірқатар заңсыздықтардың жолын кесті. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Өзбекстаннан Қазақстанға өтпекші болған үш түйені, ал биыл сәуірде көрші өзбек еліне 2 тонна 280 литр спиртті алып өтпек болған Қазақстан азаматын ұстадық. Бір айта кетерлігі, контрабандалық тауарлардың ең көбі спирт өнімдері. Осындай заңсыздықтарды құрықтау барысында мына жағдай есімде қалыпты. Әлгі елімізге өтпекші болған үш түйені тұсау кезінде кіші шекара жауынгеріміз «Біз шекараны күзетеміз, ешкімді өткізбейміз» деп айқайлап жібергені бар. Мұндай сәт рухтандырып, патриоттық сезіміңді оятады екен. Көп жауынгерлерде осындай қасиет байқала бермейді негізі».

Тәрбиелік іс-шаралардың кім-кімге де болсын берер пайдасы мол. «Қарақұдықтың» сарбаздары әсіресе салауатты өмір салтын насихаттауды қалт жібермейді. Мұнда да әрбір мейрамның ажары спорттық ойындармен кіреді. Пайымды басшы бұл қағиданы қатаң ұстанады. Ұғынғанымдай, заставада жауапты қызметінен бөлек, спортпен кәсіби түрде айналысатын спортшылар баршылық. Бірі жауырыны қақпақтай балуан болса, енді бірі әуесқой боксты серік еткен. Осы орайда жас әскери қызметшінің бір күндік жұмыс кестесіне назар аудардым. «Таңертең тұрғаннан жаттығуға кірісеміз. Түсте де сол. Күні бойы өтілетін әскери тәртіп пен жауынгерлік сабақтар салауатты өмір салтымен сабақтасып жатыр»,- дейді жас шекарашы жұмыс кестесін нұсқап. – «Таңертең сағат жетіде ұйқыдан тұрып, спортпен айналысамыз, застава аумағын тексереміз, шекара нарядтарын ауыстырамын. Түске қарай өзімнің застава басшыларымен жиналыс өткізуім керек. Түстен кейін спорттық, саптық жағынан бірқатар жаттығулар, ойындар жүргізіледі. Ал кешке өзіміздің жауынгерлік санақ болады. Одан кейін тәрбиелік жұмыстар, сұхбат жүргізу мойныма жүктелген».

Әрбір болашақ әскерлерді жас шыбық кезінен дайындасақ ұтарымыз көп. Ең әуелі жас өскінге патриоттық тұрғыда тәрбие беріп, жауынгерлік дайындығына көңіл бөлсек. Бұл болашаққа көз тіккен Нұрсұлтанның айтар уәжі. «Елін, жерін, отанын күзету әрбір ер азаматтың міндеті емес пе?! Ата — бабаларымыз аманат етіп қалдырған байтақ даламызды көздің қарашығындай сақтай білуіміз ләзім. Жастарымыз жасық болмай, ер-азаматқа тән ержүрек, білімді, сабырлылық қасиеттерді бойына сіңіріп өссе. Ізімді қуып келе жатқандарға айтарым, әрбіріміз отанымыз Қазақстанға адал қызмет етейік. Өйткені, бізде барлық жағдай жасалған»,- дейді отаншыл ұл.

Тағабай ҚАСЫМ