Шымкентте соттың шешімімен контрафактілі тауарлардың көзі жойылды. Әділет департаментінің қызметкерлері мен сот орындаушылары 19 мыңға жуық контрафактілі дискі және 600-ге тарта бөтелке суды жойды.
Естеріңізге сала кетсек, 19 мыңнан астам заңсыз басылған дискілер сәуір айында жүргізілген рейд барысында тәркіленген болатын. Ал 600-ге тарта бөтелке су «Алаш» базарындағы бір кәсіпкерден алынған. Ол баклажкаға арнайы тазаланған судың орнына кәдімгі құбырдың суын құйыпты. Бұл фактіні қаржы полицейлері және Әділет департаментінің қызметкерлері әшкерелеген. Олардың айтуынша, кәсіпкер белгілі маркалы бөтелкеге кәдімгі құбырдың суын құйып, сатып келген.
Департамент мамандарының айтуынша, бір ғана мына дискілердің жалпы құны 4 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл — өңірде анықталып отырған ең ірі контрафакті оқиғаларының бірі. Заңсыз басылған дискілердің контрабандалық жолмен көрші Қырғызстаннан жеткізілгені анықталған болатын.
Осылайша заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып келгендерден тәркіленген тауарлардың барлығы соттың шешімімен жойылды. Әділет департаментінің мамандары мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасады деп сендірді.