Шымкентте демалыс күндері қарсаңында жол полициясының қызметкерлері күшейтілген рейдке шығады. Бұл іс-шаралар біраздан бері тұрақты түрде өтіп келе жатыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, аптаның соңына қарай рөлге мас күйінде отыратын жүргізушілер қатары қалыңдайтын көрінеді. Бұл жолғы рейд барысында да жол жүру тәртібін өрескел бұзу фактісі әшкереленді.
— Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының жол полицейлері рейдке шыққан болатынбыз, — дейді жол полициясының инспекторы Әбілқас Ахметов. — Кезекшілікте тұрған сәтте біздің қасымыздан зуылдап өтіп кетпек болған БМВ көлігін байқап қалып, тоқтаттық. Алайда ол қашып кетпек болды. Бірақ, ұзаққа кете алмай, келесі бір бекетте тоқтатылды.
Тексеру барысында БВМ көлігі жүргізушісінің тәртіп сақшыларынан не үшін сытылып кетпек болғанының себебі анықталды. Жас жігіт өзінің көлігінің мемлекеттік нөмірлерін қағазбен жауып алған болып шықты. Онымен қоймай, көліктің алдына сиямен жазылған жалған нөмірді жапсырып алған.
Өзінің қателік жасағанын түсінсек керек, жүргізуші дереу нөмірді жауып тұрған қағазды жыртып тастап еді, астынан көліктің заңды нөмірі шыға келді.
Бірақ, «қызықтың көкесі» әлі алда болатын. БМВ-ның артқы нөмірі таза қағазбен жабылып тасталыпты. Жүргізуші оны да алып тастаған соң астынан теріс ілінген нөмір көрінді.
Мұның себебін сұрағанда жас жігіт «көлігімді бояуға алып кетіп бара жатыр едім» деп жауап берді. Ал алдыңғы нөмірді «жай, әншейін, жаза салып едім» дейді. Осылайша бір емес, екі рет жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушінің көлігін тәртіп сақшылары ақылы айып тұрағына алып кетті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9EIGnsYh5E0[/youtube]