Тәртіп сақшыларының құжаттарды дұрыс әзірлемеуінің салдарынан соттың жұмысына кедергі келуде. Шымкенттің судьялары осылай деп полицейлерді сілкіп алды. Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотта дөңгелек үстел өткен болатын. Оған судьялар мен учаскелік инспекторлар қатысты.
Жалпы, 2013 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі аралықта әкімшілік сотта 1765 іс қаралған. Бұл — өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 есе көп. Тиісінше, өндірілген айыппұлдың сомасы да артып отыр. Айыптылар мемлекет қоржынына 4 миллион 945 мың теңге төледі. Осы мәліметтерді жеткізген соттың төрағасы алдымен аздап жетістіктерге тоқталды.
Дегенмен, осылай екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Учаскелік инспекторлардың сотқа жолдаған істерінде кемшілік жетіп-артылады. Соның арасында ең көп тарағаны — істердің қарау мерзімінің полицейлер тарапынан сақталмауы.
«Нақты айтқанда, осыдан біраз уақыт бұрын Шымкенттегі № 77 мектептің оқушысы есірткі затын сақтаған деген күдікпен ұсталған болатын, — деп түсіндірді Марат Оңласов, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы. — Осы істі тексерген полиция қызметкері құжаттарды сотқа 3 айдан кейін тапсырды. Бұр арада айта кету керек, заң бойынша кәмелетке толғандардың ісін сотқа 3 айға дейін тапсыру керек болса, жасы кәмелетке толмағандарға қатысты бұл мерзім 1,5 айды құрайды. Осылайша күдікті жеткіншек жауаптан құтылып кетті. Ал іске жауапты учаскелік инспекторға қатысты жеке қаулы қабылданды.»
Судьялардың айтуынша, соңғы уақытта әкімшілік құқық бұзушылық фактілеріне қатысты сот өте көп. Оның бір себебі — соңғы уақытта қоғамдық орынды тазалық сақтамау, балағат сөйлеуге қатысты тәртіптің күшеюі. Осыған байланысты құқық бұзғандардың үстінен қозғалатын істер де көбейді.
«Біздің соттың әр судьясы күніне кемінде 7 істен қарайды. Олардың барлығы — ауыр істер, — дейді Ақылбек Ертаев, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы. — Лауазымды адамдардың істерін қарап жатырмыз. Оған қоса сіздерден — учаскелік инспекторлардан, жол полициясынан, көші-қон полициясынан қыруар істер түседі. Тағы басқалары да бар. Өткенде қарап отырсақ, үш судьямыз бір күнде 120 іс қарапты. Жүз жиырма іс! Түнгі сағат 11-12-ге дейін қарап беріп жатыр істерді.»
Төрағаның бұлай ашынуында негіз бар. Сол жүздеген істің арасында құжатты пошта арқылы жібере салатын полицейлер де бар. Заманауи әдісті үйренген жақсы, алайда, құжаттар толық болмаса, іс қаралмайды. Осылайша екі ортада қарапайым халық сандалады дейді соттың төрағасы:
— Инспектор істі пошта арқылы жолдайды. Оның тиісті құжаттары мен дәлелді заттары толық болмаған соң, біз кері қайтарамыз. Осы арада 10-15 күн жоғалады. Оған қоса істі полиция қызметкері өзінде 1-2 ай ұстайды. Сөйтіп, мерзім бітіп қалады. Ал бұл арыздың артынан іздеушісі бар. Сіздер «сотқа жолданған» дейсіздер! Халық заңды білмейді. «Жолданса — жолданыпты ғой» дейді де бізге келеді. Біз адамдарды қабылдаймыз. «Ондай іс түскен жоқ» дейміз.» Мынадай тәртіппен кері қайтарылды» дейміз. Ал оны сіздер айту керексіздер! Оны жасырасыңдар, айтпайсыңдар. Бастарыңа тыныштық іздесеңдер, істің барлық дәлелдерін жинап әкеліп, сотқа тапсырып құтылмайсыңдар ма?!
Осылай деп полицейлердің кемшіліктерін бетіне басқан соттың төрағасы дөңгелек үстелді қорытындылады. Енді бүгін айтылған ескертпелердің нәтижесі алдағы уақытта тағы да қадағаланады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=DEoBpr1czac[/youtube]