Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– 2008 жылы сот шешімімен менен 1 957 000 теңге өндірілген. Осы күнге дейін сот орындаушылар мені өздеріне шақыра береді. Мен қарызды қайтармаймын деп жатқан жоқпын, жұмыс тапқан жағдайда қайтаруға дайынмын. Менің сатайын десем мүлкім, ешқандай табысым жоқ. Жұмыс тапқанымша неге сот орындаушылар істі тоқтата тұрмайды, неге мазамды ала береді?

Жауап: 

– «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 42 және 43 баптармен көзделген негіздер бойынша ғана сот орындаушы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата алады.

Ал борышкерде мүліктің және табыстың болмауы атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға негіз бола алмайды, себебі бұл заңнамамен қарастырылмаған.

Алайда, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 48-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, егер борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн мүлкi, оның iшiнде ақша, бағалы қағаздары немесе табыстары жоқ болса және оның мүлiктерiн немесе табыстарын анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермесе сот орындаушы атқарушылық құжаттарды өндiрiп алушыға қайтаруы тиіс.

Атқарушылық құжаттарды өндiрiп алушыға қайтарған сәттен бастап атқарушылық іс жүргізу аяқталды деп есептелінеді.

Бірақ өндіріп алушының заңда белгiленген атқарудың ескіру мерзiмi шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға құқылы екенін ұмытпағаныңыз дұрыс.