Заңгер, қаржы, экономика саласын тәмамдаған жастар жұмыссыз қалмайды. Жоғарғы оқу орнының бітіруші студенттерімен кездескен қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандары осылай деді. «Жастар практикасы» бағдарламасы жас маманның тұрақты жұмыс табуына көмектеседі. Бірақ, жастар мамандардың сөзіне сенімсіздікпен қарағандай болды. Олар босқа уақыт жоғалтып, жұмыссыз қалудан қорқады. Биыл қолына аталмыш мамамандықтың дипломын ұстайтын Фариза Марешованың да уайымы сол, қосымша саланы меңгерудің зияны жоқ дейді ару.
Фариза Марешова, студент: «Жұмыссыз қаламын ба деген қорқыныш бар, әрине. Себебі қазір екінің бірі заңгер және экономика саласының дипломын алған. Жұмыссыз жүр. Мен де экономика мамандығығының дипломын аламын биыл. Қазіргі таңда осы саланың мамандары көп болуына байланысты, есептеп қарағанның өзінде әрбір ЖОО-ны осы сала бойынша бітірушілр саны — 100-ден асып жығылады. Олардың барлығына бірдей жұмыс тауып беру мүмкін емес қой. Мысалы, қазір қалалық жұмыспен қамту ортылығының мамандары келіп, экономика бойынша 100 орын бос дейді. Бірақ, таңданатыны сол — барша бітіруші студентті жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан биылғы бітіруші түлектерге өз бітірген мамандықтарымен қоса, техникалық мамандықты да қосымша оқуларына кеңес беремін».
Бүгінде Оңтүсітікте жалпы саны 69 000 жұмыссыз болса, оның 21 900-ын жастар құрайды. Статистика үрейлі. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 71 000 жұмыссыз жас тіркеуде тұр. Яғни 54 пайызы жастардың еншісінде деген сөз. Бүгінде оның жұмыспен 2100-і ғана қамтылмақ. Мамандар жастардың жұмыссыздар қатарын толықтырмауы үшін мемлекеттік бағдарламаларға жүгінгені дұрыс деп есептейді.
Салтанат Бейсебаева, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығы» МКМ жастар тәжірибесін ұйымдастыру бөлімінің бастығы: «Жастар әрине сіздер сенбейтін шығарсыздар, «Жұмыспен қамту — 2020″ бағдарламасы бойынша біз жұмысқа тұра алмаймыз, бұған көз жеткізе алмаймыз деп. Бірақ бізге 2011 жылы бітірген түлектер келіп, бұл бағдарламаға қатысып, жұмыс жасай алмайтынына өкініп жатады. Сол үшін сіздерді өз мүмкіндігін жіберіп алмасын деп біз арнайы келіп отырмыз. Қазіргі таңда диплом алған жастарға, әсіресе заңгерлерге, экономистерге еңбек нарығында сұраныстар көптеген түсіп жатыр».
Ал дәл қазіргі уақытта 739 жастолқын “жастар практикасы” бойынша жұмыс жасап жүр, жыл соңына дейін 5300 жас маман осы бағдарламаға жүгінетін болады. Бұл үшін республикалық бюджеттен 931 млн. теңге қаржы қаралған.Әрбірінің айлық жалақысына шаққанда 20 мыңнан сәл ғана асады. Тұрақты жұмысқа қабылдануы екіталай жастолқын 6 ай бойы осы көлемдегі жалақымен жан бағуға наразы.
Айгүл Әлиева, жас маман: «Мен «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмыс істедім. 6 ай. Ия, азғантай жалақы маған жеткен жоқ. Денсаулығы жоқ ата-анамнан қосымша қаржы алдым. Қайбір ақша дейсіз. Олардың жәрдемақысын бөлістім осылай. Амал жоқ. Пәтерақы, жүрген жолкірем, оған қоса тамағым мен киімім. 22 мың теңге жетпейтіні анық қой. Межеленген 6 айда жұмыс жасадым. Бірақ қанша тырыссақ та біз тұрақты жұмысқа алынбадық. Менің ойымша одан да бүгінде жекеменшік компанияларда немесе сауда орындарында менеджер болған дұрыс. Сәл де болса өз күніңді өзің көресің».
Тұрар Айжігітов, студент: «Мен қолдамаймын. Себебі қала жастары үшін тиімді болар. Бірақ ауылдан келген замандастарымыздың жағдайы не болады деймін де. Олардың киім-кешегін қоспағанда, жолақы, тамағы, тұратын үйі, қыдыратын ақшасы… Жаңадан қолына диплом алған маманда қайдағы артық ақша болсын, ата-анасының көмегіне тағы да жүгінеді. айлық жалақыны тағы да жоғарылату керек деп ойлаймын. Егер дәл бұлай жалғаса берсе, мен болашақта бұл бағдарлама бойынша жұмысқа тұрмас едім, қаланың баласы болсам да».
Жыл басынан бері 730 -дан аса жас маман “Жастар практикасы” бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа қабылданушылардың саны былтырғымен салыстырғанда 160-тан асып отыр. Демек қалған 500-ден аса жастолқынның өз мамандығы бойынша жұмыс табуы екіталай.