(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)
Ендi Ұлы жүз жақта басшы боп жүрген Төле дегеннiң ұлы – сен келдiң. Сендер тұрғанда асау қазақ бас көтере алмас. Көтерсе де, соғысы өз ауылдарының арасынан аса алмас».1740 жылдары Ұлытау мен Арқа жақта қазақ-қалмақ арасында қиян-кескi шайқастар жүрiп жатқан. Қалмақтар оңтүстiк тараптағы әскер қосындарын сол жаққа көмекке аттандыру керек-тi. Ол үшiн қолы аз болса да, қаупi мол Төленiң басшылығындағы қазақтарды тыныштандыра тұру шарт. Ол үшiн үстем кiсiнiң баласын аманатқа алу ләзiм. Төлеге де тыныс алу кезеңi қажет-тiн. Екi мүдденi ұстанған қазақ пен қалмақтың жоспары өз жолымен жүрген, өз ойларынша iске асқан.Жат жұрттың ғұрып-дәстүрiн, мәдениетiн және олармен қалай сыйласу мен сөйлесудiң жолын – Жолан осы аманатта жүргенде үйренсе керек.
Бәлкiм келешектегi елшiлiк қызметiне осы аманатта жүрген уақытта көрген-түйгенi, бiлген-жинағаны – оған сыннан өткен мектеп, дәрiс алған сынақ болған да шығар.Ол аманатта болғанымен, зындан көрмеген, бұғауда жатпаған, еркiн өмiр сүрген. Бiрақ күндiз-түнi арнайы күзетшiлер оны аңдыған. Жолан да әнтек iстерге бармай, өзiн жақсы ұстайды. Жарасымды мiнезiмен қоңтайшыға да, орда iшiндегiлерге де ұнайды. Сөйтiп жүргенде бiр күнi ордадағы әлдеқандай қызметшi қалмақтан ағасы Қожабектiң осында қамауда жатқанын естидi. Бiрақ қанша талап қылса да, оны көре алмайды.Шежiре әңгiмесi: «Жолан аманатта жүргенiне үш жыл толғанда Қалдан қоңтайшы қатты ауырып, жатып қалады. Жастығында алған жарақаты көп екен. Жетпiстен асқанда сыр берiп, құлапты. Бiр күнi Жоланды шақырып алыпты: «Үш жыл қолымда жүрдiң. Қия басқан тентектiгiңдi көрмедiм. Баламдай болып кеттiң. Сенiң арқаңда қазақ-қалмақ талай жыл тыныш тұрды. Ендi елiңе қайтуды қалайсың ба? Тiрi кезiмде сенi аман жiберейiн» дейдi. «Елiн кiм сағынбас. Жiберсеңiз барайын» дейдi Жолан. Қалдан айтты: «Онда ертең жинал. Аламандар сенi Тәшкенге дейiн шығарып салады». Жолан бiр дат сұрады. «Датың мен қалауыңды айт» дедi Қалдан. Жолан тiзе бүгiп, ханға iлтипат көрсеттi: «Уа, қоңтайшы, осында Қожабек деген ағам қамауда жатыр екен. Оны да босатуға пәрмен етсеңiз, жақсылығыңыздың түбi болмас. Елге бiрге қайтар едiк». Қалдан жасауылдарына: «Жоланды зынданға апарыңдар. Бауырын таныса, алып кетсiн» деп пәрмендедi…
Иә, тарихты айта берсек, созыла бередi. Ендi Жоланның елiне еткен қызметiн, яғни елшiлiк жұмысын қалай және қай тұрғыда атқарғанын әңгiмелейiк.Бiздiң өлке 1752 жылы қалмақтардан толық тазартылған. 1755-56 жылдары Жетiсу мен Аягөз, Қорғас пен Тарбағатай маңы да жаудан азат етiлген. Iле-шала түрлi саяси себептерге байланысты қазақ-қытай арасында жаулық басталды. Мұның себебiне тоқталсақ, әңгiмемiздi ұзаққа созуға тура келедi. Ал келтеден қайырсақ, қалмақ соғысынан әбден шаршаған қазаққа бейбiт заман және өз шекарасын бүлдiрмей ұстап тұру қажет-тiн. Сол кезде әлi үш жүзге хан сайланбаса да, барлық қазақтың билiгi қолына көшкен Абылай сұлтан ерекше әрi өте салиқалы саясат ұстанады. Қалмақ кеткенiмен, екi жақта екi алып держава – бiрi Қытай, бiрi – Ресей қазақ жерiн толық именденудi жоспарлайды. Абылай екi мемлекетке де елшi жiберiп, бейбiт жолды ұстанады. Сөйтiп ол 1757 жылы Бежiнге – Қаншығар, Өмiртай, Долан (Жолан), Андас, Танаш, Бекенай атты алты адамнан құралған елшiлердi Қытайға жiбередi.
Бiрақ бұлар Қытай астанасы Бежiнге бармайды, қазiргi Шыңжаң өлкесiндегi бiр шаһарда Ежен елiнiң билеушiсiмен кездеседi.Бiр жылдан кейiн, яғни 1758 жылы Жолан (қытайлар Жаулен деп көрсеткен) Мұсырман деген кiсiмен екiншi рет елшiлiкке барады. Бұл сапарда олар қытайдың Шианлұң патшасына көп тарту-таралғымен бiрге қазақтардың мемлекет ретiндегi мүдделiк аманатын апарады, Қазақ елшiлерiн Шианлұң патшасы Бежiн (Пекин) қаласында қабылдайды. Жоланның ұтқыр сөздерiне разы болған патша олардың барлық ұсынысын қабыл алған. Онда Жолан тарапынан мынадай ұсыныстар қойылған; а) Жоңғар Алатауының шығыс бөктерi (қазiргi Шыңжан өлкесi) мен Тарбағатайдың арғы жағындағы кең алап – қазақ даласы боп танылсын; ә) Жоңғариядағы таққа таласқан Әмiрсананың көтерiлiсi арқылы туындағын қазақ-қытай соғысы тоқтатылсын; б) Екi ел өз алдарына бейтарап мемлекет екендiгi танылсын: Екі ел арасында сауда керуендері мен көші-қон жұмыстары еркін іске ассын!» Жоланның ұтқыр сөздерiне ырза болған Шианлұң патшасы оған көп сыйлық берiп, шығарып салады. Бұл туралы Қытайдың «Шианлұң жылнамасының тарихында: «23- жылдың 11-айында батыс бөлiк қазақтардан келген елшiлер Жолан мен Мұсырманға және бұрыттардың елшiсi Ноқы қатарлы адамдарға 1000 сәрi күмiс ақша сыйлады» деп жазылған. Олардың 23-жылының 11-айы – бiздiңше 1758 жылдың қарашасы.
Тарихта алып аждаһа атанған Қытай мемлекетiнiң басшысымен осындай келiсiмге келу, әлбетте, оңай шаруа болмағаны анық. Бiрақ Жолан мұның үдесiнен шыққан. Осы ерлiгiнiң өзi-ақ, оның есiмiн қазақ тарихының бетiне алтын әрiптермен жазуға жеткiлiктi. Бұл елшiлiк жөнiндегi сөз осындай үш-төрт сөйлеммен ғана шектелмесе керек-тi. Бұл сапардағы әңгiмелер мен түзiлген келiсiм-шарттар тұтас бiр кiтапқа арқау боларлық дүние.Міне, Жолан Төлеұлы осындай тұлға болған. Әрине, осы бір шағын мақала оның бар кейпін ашып беруге аздық етеді. Дегенмен айтарымыз қысқа мақаламен шектелсе де, оның кім болғанын оқырмандарға аз-кем хабардар еттік-ау дейміз. Қорыта айтқанда, Жолан тұтас екі ғасырға созылған қазақ-қалмақ соғысынан кейін елдің тыныштығы мен бейбіт қалыпта өсіп-өркендеуіне өз үлесін барынша қосқан, екі елді елдестіруге бар күшін сарқа жұмсаған епті елші, ойшыл мәмілегер. Ендеше, оған қандай құрмет көрсетсек те аздық етпейді.
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ, Жазушы, шежіреші