Кешегі «ұлы орыстық» идеология «қазақта мардымды тарих жоқ, тарихы мардымсыз халықтың тарихи тұлғалары да болмаған, болса да ондайлардың іс-әрекеті рулық деңгейден аспаған, бұл жұрт тек біздің арқамызда ғана ел санатына жеткен» деген сыңайдағы пиғылды ұстанды, әрі өзімізді солай оқытып, солай тәрбиеледі. Осының кесірінен қазақтың 90-95% интеллигенциясы мен қауымы осындай пиғылға ерді, сондай ұстанымды бойларына сіңірді. Мұндай керағарлықтың кесірінен талай тарихи шындықтан қара үздік, талай ақиқаттан алшақ кеттік. Десек те тәуелсіздік алғалы бері қаншама тарихи олқылықтардың орны толтырылды, талай соны зерттеулер жарияланды. Осының арқасында аттары уақыт шаңына көміліп, елеусіз, ескерусіз қалған бірталай тарихи тұлғалардың бейнелері ашылып, олардың атқарған істері бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіріле бастады. Әйткенмен де көпшілігіміздің әлгі «ұлы орыстық» құрсаудың шырмауынан шыға алмай, халқымыздың өткенін білуге құлықсыздық танытып жүргеніміз тағы шындық. «Соңғы кезде қазақтан батыр шығарушылар неге көбейіп кетті? Бұрындары әр ауылда бір-бір батыр болған ба, немене?» деп күмән айтушылар, күдік білдірушілер осындай құлықсыздардан шығатын сөз екені ақиқат.
Ал ақиқат тарихқа көз салсаң, қазақ жазған еш болмаса ширек ғасыр ғұмырын жайбарақат, жаймашуақты бейбіт күнмен өткізбепті. Ылғи жан-жақтан анталаған жаумен алысып, күнін шайқаспен өткізген. Бұ қазақ елі мен жері үшін кіммен соғыспады деңіз. Бір кездері оны моңғол да бассалды, өзбек-бұхар да тиісті, қытай да шапты, қалмақпен екі жүз жыл, қырғызбен жетпіс жыл, қоқанмен алпыс жыл, орыс отаршылдығына қарсы үш жүз жыл шайқасты. Осындай алмағайып шақтарды елі мен жерін, халқын батырлар қорғамағанда, жатыпішер мен қорқақ, пасық бай мен жанаяр жылпос қорғасын ба. Сырт жаумен қанша алысса да, намысын жатқа бермеген қазақта, міне, осыған байланысты батыр көп болған…
Шымкентте таяуда тағы бір тарихи тұлғаға тұрғызылған ескерткіш ашылмақшы. Жаңағындай құлықсыздар: Қалада ел танымайтын батырлардың ескерткіштері неге көбейіп кетті?!» дер тағы. Шымкентте былтыр қойылған С.Рахымовтың мүсінін қоса есептесек батырлар ескерткішінің саны оннан сәл-ақ асады екен. Олардың жартысы кеңес заманының адамдары. Сонда бұрынғы ғасырларда аты шыққан бес-алты батырдың ескерткіштері бізге көп болып көрінетіні қалай?.. Келесісі әлгі біз айтқан тарихи тұлға – Төлеұлы Жоландікі болмақ. Ол «Шығыс» шағынауданындағы екі жолдың қиылысына қойылмақ. «Төле биді жұрт біледі, Жоланы кім бопты?» дері сөзсіз біреулердің. Айтайық. Әмбе қазаққа аты әйгілі Төлебидің сегіз әйелінен 12 ұл, 8 қыз туылған. 12 ұлдың сегізінен ұрпақ бар. Кезінде осы сегіз ұлдың бәрі әкелері тәрізді ел таныған азаматтар болған. Бұлардың ішінде Жолан мен Қожамжар атты ұлдарының қазақ үшін сіңірген еңбегі ерен. Бір өкініштісі, осылар туралы жазба тарихпен қатар, ел арасында қалған ауыз әңгімелер қаншалықты мол болса да, екеуі де әлі лайықты бағасын ала алмай келеді.
Біз әсіресе Жолан туралы көбірек зерттеуге тиіспіз. Өйткені ол ХҮІІІ ғасырдағы қазақ дипломатиясының көрнекті өкілі.Төле бидің шөбересі 1814 жылы 54 жасында қоқан хандығының датқа деген титулын алып, Қазығұрт, Сайрам өңірі мен Келестің жоғарғы тұсындағы елдерге билік жүргізген Шойбек деген кісі Төле заманындағы қазақтардың жай-күйі мен бидің атқарған еңбектерін және оның балаларының кім болғаны жөнінде көлемді шежіре жазып қалдырған. Бүгін біз осы шежіредегі мәліметтермен бірге өзбек, қытай жылнамашылары жазып қалдырған жазбалар арқылы Жоланның тарихи бейнесін ашып бермекпіз.Шежіренің бір тарауында Төленің әйелдері мен ұл-қыздары туралы былай деп жазылған «Қалмақ Сайрамды шапқаннан кейiн бiраз жыл тыныштық тұрды. Бұл кез – Төленiң аты шығып қалған уақ-тын. Қазығұрттағы жайлауға көшкенде Тұрбатта тұратын бес-алты сарт Төледен егiске жер сұрады. «Өтемге өзiңiзге тары-бидай беремiз» дестi олар. Сарттардың үлкенiнiң бiр ару қызы бар екен. Төленiң көзi соған түсiп, оны айттырды. Бимен құда болуға құмартқан сарттар бұған қатты қуанды. Сарттың қызынан Өзбек, Сүйiндiк туылды. Осы тұста Төле Қаңлыдан тағы бiр қыз алды. Ол қатыннан Ниязбек, Жасыбек һәм екi қыз болды. Көп жыл өткенде қалмақтармен арақатынас тағы бұзылды. Қазақтар қарсы шығып, қалмақтарды қашырғанда, көп қалмақ қолға түстi. Араларында қыздары да бар екен. Төле сарбаздарына қыздарды қатындыққа үлестiрдi. Бiр батыр тұрып: «Би, бiреуiн өзiң алсаң қайтедi?» дедi. «Мен елге бимiн. Би басыммен қалмақтан қатын алсам, жау жағы күйеу сағалап, мысымды баспай ма, буынсыз жерден пышақ ұрмай ма. Бiр қызды жүдә маған байлағыларың келсе, ол келiп, қатындарыма күң болсын» дедi. Осы тұста Бұқардағы пiрлердiң бiр тобы Төленiң қолында жұртты мұсылмандыққа үйретiп жүр едi. Пiрлер айтты: «Уа, Төле, бiз пайғамбардың әулетiмiз, бiз дiн ұстансақ, сен ел ұстадың. Бiздiң бiр қызымыз саған лайық. Жасауын жасап ал. Көп қатын алу қазақтың ғана емес, бiздiң де жолымызда бар» деп.Пiрлер әулетiн қазақ қожа дейтiн. Қожадан қатын алғасын, одан туған үлкен баланы Қожабек деп қойды. Қалмақтармен бiр дүркiн соғыста ел көшiп, жолда кетiп бара жатқанда, әлгi қатын екiқабат-дүр. Жолда толғағы қысып, тағы бiр ұл туды. Оған Төле жол үстiнде туған бала деп, Жолан деген ат қойды. Бұ қатынның үшiншi баласы Тұран-дүр. Ол он алты жасында соғыста өлген……О кезде қазақ-қырғыз арасы жақсы екен. Жауға бiрге аттанады екен. Қырғыздың Ынсат деген манабы Төлеге: «Жұмысыңа ырзалығымыздың белгiсi ретiнде бiз саған бiр қыз берейiк. Құдай бiледi, бұдан көрген перзенттерiң жаман болмас-ты» деп он алты жастағы бiр қызды берiптi. Одан Қожамжар мен Алдамжар туды. Кейiн тағы бiр қыз алды. Одан бала тумаған, екi қыз бар-ды. Хақи мәнде (шын мәнiнде) Төленiң сегiз қатынынан он екi ұл, сегiз қыз болды…».
Аталмыш шежiренiң бiр тұсында төртiншi әйелден туылған Жолан мен бесiншi әйелден өмiрге келген Қожамжар бiр жылдың түлегi, яғни екеуiн жасты деп көрсеткен.
Ташкент қаласының тарихын хатқа түсiрген өзбек зерттеушiлерi Төледен кейiн шаһарға Қожамжар хәкiмдiк еткенiн жазған. Қожамжар сексен жасқа толғанда одан Ташкенттi Жүнiсқожа тартып алған. («Ташкенттiң көне және кейiнгi тарихы» Ташкент, 1947 жыл, 396 бет). Бұл уақиға бiздiң тарихта 1798 жылы болған. Қазақтар Ташкенттен айырылған уақытта Қожамжардың сексен жаста екенi жоғарыдағы шежiреде де жазылған. Төле балаларының ең ұзақ жасағаны да – сол. Шойбек жазбасы Қожамжар бiздiң өлкенi қоқандар жаулап алғаннан кейiн екi жылдан соң тоқсан екi жасында дүние салды деп жазады. Қожамжардың көзiн көрiп, одан тәлiм алған Шойбектiң бұл тұрғыда қателесуi мүмкiн емес. Қоқандықтар оңтүстiк өңiрдi 1808 жылы басып алған. Бұл кезде Шойбектiң өзi елу жасқа таяп қалғанын ескерсек, әлгi дерекке күмәндануға еш қисын жоқ. Сонда Қожамжар 1718 жылы туылып, 1810 жылы өлген. Бұдан шығатын қорытынды –Қожамжармен түйдей жасты Жолан да 1718 жылы туылған болады.Шойбек шежiресiндегi «қалмақпен бiр дүркiн соғыс болып, ел көшiп бара жатқанда жолда туылған баласына Төле Жолан деп ат қойды» деген мәлiметтi осының алдында келтiрдiк. Бұл жазба 1718 жылы болған соғысты меңзеп отырса керек. Өйткенi тарихта нақтыланған дерек бойынша, қалмақтар 1718 жылы қазақ даласына көлемдi майдан ашып, Жетiсудың шегiнен Қазығұрт, Келес, Арыс, Шаян төңiрегiндегi елдердi шабады. Қазақтар қатты дүрлiгедi. Жолан осы дүрлiгу үстiнде туылған.Жаугершiлiк заманда туылған, көзiн ашқалы арпалыс кезеңдi көрiп, үнемi соғыс шарпыған далада ержеткен Жолан қаһарман болмағанда кiм болсын. Ендi ес бiлгенде «Ақтабан шұбырынды» зұлматын көрдi, елдiң ауып, қиыр шетке ығысқанын көрдi, атойлап шапқан жауды, оған тойтарыс берген өз туыстарының қиян-кескi шайқастарын көрдi, қысқасы, ел басына күн туған зұлмат шақтың барлық сұрапылын кiшкентайынан бастан өткердi. Есейген шағында найза алып өзi де жауға шапты, қылыш асынып, дұшпанға аттанды. О заманғы ер жiгiтке өйтпеске болмас-ты. Атқа қонуға жарайтын адамға елi мен жерiн қорғау мiндет едi.
Дегенмен оның қолбасшы болды, аты жер жарған батыр болды деген мәлiмет еш жерде жоқ. Бұған керiсiнше, ол аузында сөз мәйегi тұнып тұрған, ел мен елдi елдестiретiн қасиет қонған елшi бола бiлдi. Жоланның есiмi кейiнгiлерге құрметпен еске алынатын аталық бейнесi – осы елшiлiк жұмысының арқасында қалған.Шойбек шежiресiнде Жолан туралы үзiк-үзiк мәлiметтердiң өзiнен ол хақында әжептеуiр тарихи байлам жасауға болады. Ел аузында Жоланның қалмақтардың қолында аманатта болғаны туралы сөз бар. Бұл әңгіме біз келтіріп отырған шежіреде де айтылады. Ондағы мәліметке сүйенсек, Жолан аманатқа 1742 жылы 24 жасында барған. Бұ уақытта қалмақтар Тәшкендi үшiншi рет жаулап, орныққан. Төле оны қалмақтарға мәжбүрлiктен жiберген. Себебi, аталмыш кезең қазақ үшiн алмағайып шақ-тұғын. Құс қанаты талатын кең даланы жайлап жатқан қазақтар әлi толық бiрiге алмай, әр би, әр хан, әр сұлтан өздерiне қарасты ру-тайпалардан әскер құрып, әр тарапта қалмақтармен соғысу үстiнде-тiн. 1741-45 жылдары негiзгi қолымен (онда да саны көп емес) Сырдың жоғарғы ағысы тұсына шегiнiп кеткен Төлеге екi-үш жыл болса да тыныс қажет едi. Шалғайдағы туыстардан, қалмақ қол астындағы руластардан, қала бердi, Арқа мен Арал, Ырғыз бен Жайық бойындағы қазақтардан ортақ әскер құрау үшiн уақыт керек болатын. Оған қоса, Сары Мәнжi Тәшкен маңында шоғырланған отыз мыңдық һәм оған кез келген уақытта көмекке келе алатын Сайрам, Түркiс-тан тараптағы қалмақтардың тосыннан соғатын шабуылын болдырмау үшiн, Төле ойрат тайпаларының « аманатқа балаңды бер» деген ұсынысына көнуiне тура келген. Бiрақ сегiз ұлының қайсысын жiбермек керек. Таңдау Жоланға түскен. Жоқ, Жоланның өзi бұған ынталық танытқан.
Бұл жайында Шойбек шежiресiнде «Балам, аманатқа барарсың, қалмақ шепте боларсың, басыңа қиын iс түсiп, не кейiпте қаларсың», – деп Төле қамыққанда, Жолан: «Әке, аманатқа барармын, қалмақ шепте болармын, басыма не түссе де, шат кейiпте қалармын, елiм аман болсыншы, мен жөнiмдi табармын» деген өлеңдетiлген дерек бар. Қысқа сөйлемдерден тұратын әрi астары қазiргiлерге түсiнiксiздеу бұл жолдардан аңғаратынымыз – Жолан да ел басына түскен ауыртпашылықты, Төле ойлаған жоспарды жақсы түсiнген, өз басын бәйгеге тiккен батыр азамат болған.Оны Қожабек және тағы екi кiсi Тәшкендегi қалмақтарға апармақ боп, жолға шығады. Пiскент түбiнде оларды қалмақтар қарсы алып, шаһардағы Сары Мәнжiге алып келедi. Мәнжi Жоланды алып қалады да, анау үшеуiн қайтарып жiбередi. Үшеуi шаһар қақпасынан шыққанда Мәнжi тайшы аламандарына: «Жоланға ерiп келген үш қазақтың бiреуi Төленiң баласы екен. Артынан қуып жетiп, үшеуiн де қолды қылыңдар. Со күйi Қазығұрт арқылы Самсыда отырған Қалдан қоңтайшының қолына тапсырыңдар. Бiр баласы құлдықта, бiр баласы аманатта отырғанда Төле бiзге қарсы шыға алмас.
(Жалғасы бар…)
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы, шежіреші