Ұйқыны бұзған ҰБТ. Қазақстан түлектері білім сынағын тапсырып жатыр. Кеше басталған науқанды арнайы комиссия өкілдері жіті бақылауға алған. Тестілеу кезінде тәртіп бұзғандар да анықталды. Мәселен сынаққа кірген түлектерден 550 ұялы телефон, 1749 жауап қағаздары мен 21 калькулятор және 2 фотоаппарат тәркіленген. Ал ең жоғары 125 бал жинаған түлектердің арасында шымкенттіктер жоқ. Тараздық Назира Балташева және алматылық Алтынай Орынбаева 124 ұпай жинады деген ақпарат таратты республикалық сайт. Ал Шымкенттегі жоғары балл әзірге-122 балл.
122 балды қанжығасына байлаған бұл оқушы 9 мектеп-лицейдің түлегі. 11 жыл бойы тек бестік бағамен оқыған Әсел Төлегенованың қуанышында шек жоқ. Енді ол «Алтын белгінің» иегері атанады.
Әсел Төлегенова, 122 балл иегері: «Адам бірінші өзіне сену керек. Ол үшін іздену керек, оқу керек. Оның барлығы алдынан шығады. Ең бірінші ата-анама, сосын №9 лицейдің мұғалімдеріне рахмет. Солардың арқасында осындай нәтижеге жеттім».
Біліміне сенімді болғанымен Әселдің сынақ алдында қобалжығаны анық. Бірақ тестілеу кезінде түсініксіз сұрақтың болмағанын айтады бұл түлек.
ҰБТ-ны алғашқы тапсырушылардың арасында жоғары балл жинағандар өте көп. Қорытынды парақ, біразын қуантып тастағаны бар. №7 мектептің оқушысы Бақдәулет Қалдыбаев та үздіктердің қатарында. Ол 120 балл жинады.
Бақдәулет Қалдыбаев, 120 балл иегері: «Қуанып тұрмын. Дайындалдым, оқыдым. Еңбегім ақталды».
ҰБТ-ның бірінші көрсеткіші жаман емес. Ата-анамен оқушылар үшін сынақ әлі 10 күнге жалғасады. Ал тамызда оқу гранттарының иегерлері анықталады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jbCdKnPdBW4[/youtube]