«Әкеден – өсиет, анадан – қасиет алдық»

Сондай үлгі боларлық жандардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, қалалық №2 емхананың басшысы Гүлнәр Құрманбекова

Оқырмандарымыз биліктегі бикештердің отбасылық өміріне қызығушылық білдіріп отыр. Ондағысы қызметте де, қоғамдық өмірде де табыстарға кенеле жүріп, отбасының да ұйытқысы бола білген бикештердің өмірін жастарға үлгі етсек деген ниеті шығар деп түсіндік. Сондай үлгі боларлық жандардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, қалалық №2 емхананың басшысы Гүлнәр Құрманбекова.

Сондай үлгі боларлық жандардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, қалалық №2 емхананың басшысы Гүлнәр Құрманбекова
Сондай үлгі боларлық жандардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, қалалық №2 емхананың басшысы Гүлнәр Құрманбекова

Оңтүстікте Құрманбековтер әулетін білмейтіндер аз. Мамыт қарияның құтты шаңырағынан түлеп ұшқан он бала да ел ардақ тұтатын азаматтар. Гүлнәр Мамытқызы осы әулеттің перзенті.

Гүлнәр жолдасы Қалдыбай екеуі 2 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты жандар.

– Мен көпбалалы отбасында өсіп-өндім. Жанұямызда 5 ұл, 5 қызбыз, – дейді Гүлнәр Мамытқызы балалық шағын еске алып. – Кеңес дәуірінде біздің аналарымызға қазіргідей 3 жылға дейін бала күтіміне байланысты демалыс берілмейтін. Босанған соң, үш-төрт айдан кейін жұмысқа шығып кететін. Үйдің шаруасы бізге жүктелетін. Біздің үй қара шаңырақ, оның үстіне марқұм атам халық қалаулысы болғандықтан, оның жұбайы әжемнің жағдайын сұрап, батасын алу үшін келетіндер көп еді. Әйтеуір, есімді білгелі анама қайтсем көмегім тиеді деп, қасынан қалмай қолғабыс болуға тырыстым. Ата-анамыздың бізді ертерек еңбекке баулып, бейнеткеш етіп өсіруінің арқасында бүгінгі жетістіктерге жеттім, – дейді Гүлнәр.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейміз. Расында, жанұядағы ұлдың парасатты, нар тұлғалы азамат болуы әкенің, ал қыздың ибалы, сыпайы, тәрбиелі болуы анасына байланысты. Гүлнәрдің әкесі Мамыт кезінде мемлекеттік қызметкер болған. Балаларының айтуынша ол кісі арын таза ұстауды өзіне де бала-шағасына да талап етіп қойған. Ал, бала тәрбиесі мұғалім болғандықтан да анасының мойнына артылған міндет болады. «Әкеден – өсиет, анадан – қасиет алдық», – дейді Гүлнәр Мамытқызы.

Келінге қызындай қараған ененің ұтары көп
Келінге қызындай қараған ененің ұтары көп

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде арманы дәрігер болып, халықты емдеп, алғысын алу еді. Міне сол арманының жетегімен ол туған жері Отырардан жыраққа кетіп, Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Бойжеткен ата-анасынан, бауырларынан алыста жүрсе де қаймықпайды. Керісінше, үздік үлгерімімен, ақыл-парасатымен мұғалімдердің көзіне түсіп, «үздік шәкірт» атанады. Бұл ауылдан шыққан жас қыз үшін үлкен жетістік еді. Оқуын тәмамдаған соң 1983 жылы туған жері Отырарға оралып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналасады. Тұрмысқа шығып, үлкен бір әулетке келін болады. Сәлемі түзу жас келін ағайын-туыстың, көрші-қолаңның алдын кесіп өтпеген. Өзінің айтуынша, қайынатасы Кеңестік жүйенің нағыз патриоты болған. Ол келіндерінің орамал тағып, сәлем салуына қарсы болыпты. Оларды қызындай көріп, еркелетіп отырғандықтан өз кезегінде Гүлнәр таңның атысынан, күннің батысына дейін үйдің тірлігін дөңгелетіп алып жүрді.

От жағу, самаурын қайнату, сиыр сауып, тамақ әзірлеу барлығы да Гүлнәрді шыңдай түсті. Әрине үлгеруге үйретті. Ол кездері аудан ауруханасында білікті маман тапшылығына орай, Гүлнәр жас балаларын ата-енесіне қалдырып, өз мамандығы бойынша қызмет істеуге де ерте жастан араласты. Дегенмен, жұмыстан бұрын, Гүлнәр босағаның мәртебесін бәрінен де жоғары қоятын. Ауруханадағы жұмысы мен отбасы шаруасын қатар алып жүрген оған құрбылары қызыға да қызғана қарайды. Өйткені ол, аяулы жар, ардақты ана, ибалы келін, білікті маман бола білді.

– Адам тірі жүргенде сүйіспеншілік, өкпелеу, қуаныш-қайғы, т.б. сезімдерді басынан өткерері заңдылық қой. Осы сезімдерді шегінен асырмай тізгіндеп, оларды тұрақтылық пен тепе-теңдік жағдайында ұстай білген адам, өкінішке ұрынбайды. Осы сезім құбылыстарын тізгіндей білген жан – бақытты жанұя құра алады. Ал, өзімшіл, тәкәппар адамдар жанұя бақытын толық түсіне алмайды. Өйткені, жанұя бақыты – мейірімділік пен қайырымдылыққа негізделген, – дейді Гүлнәр.

1999 жылы ұлдары Алмат пен Шағдат ер жеткенде, Шымкентке қоныс аударған Гүлнәр үшін қиындықтар тағы да кездеспей қалмады. Дегенмен, іскер азаматқа бір кісілік орын бар екен. Сол жылы кейіпкеріміз Шымкенттегі №2 қалалық емханаға бас дәрігер болып тағайындалды. Содан бергі уақытта он үш жыл бойы бір мекеменің тізгінін ұстау кез-келген кісінің қолынан келе бермес-ті. Бұл Гүлнәр Мамытқызының өз ісінің нағыз маманы, білікті басшы, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары деңгейде екенінің айғағы. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде атқарып жүрген тірлігі де жетерлік.

Билік басындағы бикеш, Гүлнәр Мамытқызы отбасы құндылығын бірінші орынға қояды. «Қазіргі жастар түймедейді түйедей етіп төркініне кетіп қалып жатады. Ал, олардың ата-анасы мәселенің мән-жәйін түсінбей, құдалармен жанжалдасады. Осы жерде келін мен ененің арасында қарым қатынас орнатылмаған деп, бар кінәні енеге аудара салу оңай әрине. Алайда, енеден гөрі ана қыз баласына жақын келеді емес пе? Анасы қызына ақылын айтып, сабырға шақырса мұндай қателіктер орын алмас еді», – дейді Гүлнәр неке және отбасы мәселесіне өз ойын білдіре келіп. – Өзімде қыз жоқ деп налымаймын. Келіндеріме қызымдай қарағандықтан да бірінші кезекте олардың денсаулығына мән беремін. Өйткені, дені сау әйел ғана сау ұрпақты дүниеге әкеледі.

Міне, биліктегі бикештердің бірі Гүлнәр Құрманбекованың отбасылық тәлім-тәрбиесі осындай. Ал сіз өз отбасыңызда келінге қалай қарайсыз? Қызға тәрбие бере алып жүрсіз бе? Ортаға салар ортақ тақырып болсын, ой айтып, пікір білдіріңіз, оқырман.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ