Әскери қызмет сатыла ма? «Иә» деп жауап берушілер тіпті «ставкісіне» дейін біледі. Жалпы, бүгінде келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналасқысы келетіндердің дені басым. Себебі, бұл салада жалақы өзгелерге қарағанда едәуір жоғары, мемлекеттік жеңілдіктер де жоқ емес. Осыны пайдаланып, әлдекімдер араға делдалдық жасап, жұмысқа орналастыруға «атсалысып» қалғысы келеді. Біреулер бұйрық шықпай жатып, сыйақысын қалтасына басса, ендібіреулер жұмыс істеуге бұйрық келмей, ешкімге бір тиын да ұстатпайды. Ал келесі біреулер әскери қызметтен дәмелінің бір етек ақшасын алып, не жұмыс жоқ, не басқа жоқ, аузын айға қаратып кетеді. Ащы да болса, бүгінгі шындық осы. Мұндай оқиғалар жергілікті әскери прокуратураға жетсе, анық-қанығы зерттеліп, пысықайлық жасағандар міндетті түрде сазайын алады.
Ерлан Мақұлбековтің 35748 санды әскери бөлімінің қамтамасыз ету батальонының штаб бастығы, батальон командирінің орынбасары лауазымында, капитан әскери шенінде әскери қызметін атқарып жүрген кезі. Осынау қызметте жүріп, ол қылмыстық әрекетке барған, сол үшін айыпталды.
Капитан әскери қызметке орналасқысы келетін азаматтарды алдап, алаяқтықпен ақша табуды көздеген. Сол арқылы адамдардың сеніміне қиянат жасаған. 2010 жылдың ақпан айында Мақұлбеков өзі қызмет ететін Шымкент қаласының Әуежай аймағында орналасқан 35748 санды әскери бөлімінің аумағында, өз қарамағында келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген ефрейтор Б.Сартбаев арқылы Бақытжан Абдулнасировпен танысады. Оған жұмысқа орналастырып беруге уәде етіп, алдымен екі-үш ай оқу қажеттігін алға тартқан. Және оқуға 1000 АҚШ доллар төлеу керектігін айтып, М.Абдулнасировті құрығына алдап түсіреді.
Әскери қызметтен дәмелі ол шамалы уақыттан кейін ағасын ертіп, Мұқұлбековтің жұмыс орнына жақын келіп, Б.Сартбаевқа өздерінің әскери қызметке уәде еткен Мақұлбековке келіп тұрғандарын хабарлайды. Мақұлбеков алдын-ала келіскендей Абдулнасировтердің ақша әкеліп тұрғанын білген соң, қажетті құжаттарды әкелуді Б.Сартбаевқа бұйырады. Артынша ол өз қызметтік кеңсесінде Бақытжанның жеке құжаттарының көшірмелерімен бірге Б.Сартбаевтың қолынан 1000 АҚШ долларды санап тұрып алады.
Ақша табудың оңтайлы және жеңіл тәсілін тапқандай, ол бұл құйтырқылығын дендете түседі. Бұрнағы жылы тамызда Ақжол Тайжанов деген азаматпен таныс болады. Жұмыссыз жүрген ол бұдан әскери қызметтің жай-жапсарын сұрайды. Мақұлбеков осы жағдайды пайдалана отырып, Ақжолдан 35748 санды әскери бөліміне келісім-шарт бойынша әскери қызметке жұмысқа орналастырып беремін деп 1500 АҚШ доллар талап етеді. Ал А.Тайжанов өзінің жұмыссыз жүрген жағдайын ойлап, Мақұлбековтың талабына келіседі. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке жұмысқа орналасу үшін Мақұлбеков артынан оған қажетті құжаттардың тізімін берген. Ол осы жасаған қылмыстық іс-әрекеттерінен кейін, жәбірленуші Б.Абдулнасировты және А.Тайжановты ешқандай жұмысқа орналастырмаған және олар қудалау органдарына оның қылмыстық іс-әрекетттері бойынша шағымданбағанша ақшаларын қайтармаған.
Басты сот талқылауында сотталушы ретінде сұралған Мақұлбеков өзінің кінәсін мойындамай, жәбірленуші Тайжанов пен Абдулнасировті мүлде танымайтынын, бұрын оларды көрмегенін, тек қана оларды арыз жазған соң білгенін, олардан ешқандай ақша талап етпегенін және айтқан ақшаларын қайтармағанын, жұмысқа орналастыруға олармен келіспегенін, олардың айтқандарының барлығы өтірік жала екенін айтып көрсетеді. Алайда, сотталушы өзінің кінәсін мойындамағанына қарамастан оның кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдермен толық беки түседі.
Қайрат Әбдіхалықов, Шымкент горнизонының әскери прокуроры: «Қылмыстық Істер Жүргізу Кодексінің 368-371, 374, 375, 377-380, 383, 384 баптарын басшылықа ала отырып, әскери сот Макұлбеков Ерлан Нұрмаханұлын Қылмыстық Кодекстің 177-бабының 3-бөлімі «г» тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп тапты. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға, мүлкін тәркілеуге үкім етті. Оған жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленіп, бұлтартпау шарасын өзгертіп сот залынан қамауға алынды. Жазаны өтеу мерзімін осы жылдың 6 ақпанынан бастап есептеуге сот үкім етті. Сондай-ақ айғақ заттар: 2-дана компакт дискіні қылмыстық іспен бірге сақтауға, Б.Абдулнасировтың жеке ісін Оңтүстік-Қазақстан облысы Сайрам аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөліміне қайтаруға, Б.Бейсенованың ұялы телефонын өзіне қайтаруға үкім шығарылды. Үкімге наразы болған жақтар апелляциялық шағымды немесе наразылықты 15 тәулік ішінде үкім жарияланған күннен бастап, ал сотталған Мақұлбеков үкімнің көшірмесін алған күннен бастап осы мерзім ішінде Әскери сотқа Шымкент гарнизонының әскери соты арқылы шағымдануға құқылы».