Жан басына шаққандағы сыртқы қарыз көлемі шет мемлекеттерде қаншалықты тәуелді екенін аңғартатын көрсеткіш болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 500 мың АҚШ доллары. Сыртқы қарыздың ең маңызды көрсеткіші – Жалпы Ұлттық Өнімге қатынасы. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 67,3%-ға жетті. Бұл көрсеткіш халықаралық нормадан 7,3% артық және бұл орта мерзімде сыртқы қарыз бойынша төлем қабілеттіліктің қауіпті деңгейде екендігін көрсетеді. Осы тәуекелділіктің деңгейін есептеу үшін басқа да көрсеткіштерге назар аударуымыз керек.
Қазақстан ұлттық банкі мәліметтері бойынша 2011 жылғы берешек 125,2 миллиардтан асып, 2012 жылдың үшінші тоқсаны көрсеткіштері бойынша 134,9 миллиардқа өскен. Жыл басында бұл көрсеткіш 137 млрд доллар құрады. Соның ішінде есепті жылы қысқа мерзімді борыш – 15,1 %-ға – 10,6 миллиард долларға, ұзақ мерзімді борыш – 7%-ға – 124,2 миллиард долларға өсті. 2012 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борыштың үлесі 4,1%-ға өскен немесе 5,5 миллиард долларды құрады. Қазақстаннның банк секторының міндеттемелері 2012 жылы 0,578 миллиард долларға қысқарып, 14,02 миллиард долларға жеткен. Фирмааралық берешек жалпы соманың 48,8 %-ын немесе 65,8 миллирад долларды құрады, өсім – 5,5 миллиард долларға жуық. Республикада жалпы сыртқы борыштың өсу үрдісі сақталуда. Сыртқы қарыздың тауарлар және факторлық қызмет экспортының қатынасы бұл көрсеткіш бойынша 139,5%, басқаша айтсақ, Қазақстанның сыртқы қарызды төлеу қабілеттілігінің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін тағы бір көрсеткіш қысқа мерзімді сыртқы қарыз көлемі.
Бұл көрсетіш қалыпты жағдайда яғни 5,3%. Тағы бір маңызды көрсеткіш бұл елдің халықаралық резервтерінің өтеу мерзімі бойынша қысқа мерзімді сыртқы қарызға қатынасы – 115,6-ға тең. Бұл дегеніміз қысқа мерзімде төлем қабілеттіліктің жоғары екенін көрсетеді. Экономикалық анализге назар аударсақ, сыртқы қарызға қызмет көрсету ұлттық экономикаға қауіп төндірмейтіндігін көрсетеді. Елдің жиынтық сыртқы қарызының едәуір бөлігі мемлекет кепілдендірмеген, жеке меншік сектордың борышы, соның ішінде фирмааралық берешек алып отыр. Борыштың бұл бөлігі несиелік капиталдың сыртқы нарықтарында экономикалық субъектілердің кредиттік өзара қатынастарының кеңеюімен байланысты. Қазақстан сияқты дамушы ел сырттан алған қарыз шарттары экономикалық қалпына сай және ұзақ мерзімде экономикалық тепе- теңдікті бұзатын жағдайларға әкелмеуін қадағалау керек.
«Біз бюджетті Парламентте бір емес, екі мәрте нақтылаймыз, соның өзінде қаражат игерілмей қалып жатыр. Бұл қалай? Тура осы жағдай жыл сайын себепсіз қайталанып жатыр емес пе? Сонда Қаржы министрлігінің қауқары қайда?». Бұл депутат Жексенбай Дүйсебаевтың жанайқайы. Дегенмен қазына қаражатының құлағын ұстап отырған министр Болат Жәмішев игермеудің сүбелі объективті себептері барлығын алға тартады. Оның айтуына қарағанда, бюджеттің игерілмеген қаражаты ішінде 17,2 млрд теңгесі, бұл –Үкімет резервтерінің үнемдеуінен қалған қалдық.
Депутаттар атқарушы биліктің бас ауруына айналған қаржы игермеумен қоса, оны пайдаланудың тиімсіз тұстарын да тізімге алып бақты. Әсіресе квазимемлекеттік секторға көпшіліктің көңілі толмайды. Мәселен, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына сәйкес, жарғылық капиталдарын толтыру үшін квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жыл сайын бюджеттен аз қаражат бөлініп отырған жоқ. 2012 жылы 361,7 млрд теңге бөлінген. Алайда бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуын тиімді деп айтуға келмейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 21 акционерлік қоғам өз қызметін шығынмен аяқтаған. Олар келтірген «томпақ» 3,4 млрд теңгені құраған. 10 республикалық мемлекеттік кәсіпорын мен бюджеттен қаржыландырылатын 31 мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметі шығынға ұшыраған. Шығынның жалпы сомасы сәйкесінше 227,5 млн теңге және 1,3 млрд теңге.
Сондай-ақ биылғы бюджет 159,6 млрд теңгеге қысқаратын болды. Айтпақшы, жиын барысында палата депутаттары Үкімет ұсынған «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да мақұлдап тастады. Заң жобасы бойынша, 2013 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 2013 жылдың бекітілген жоспарына қарағанда 226 млрд 21 млн теңгеге азая отырып, 3 трлн 588 млрд 297 млн теңге сомасында айқындалған. Оның ішінде салықтық түсімдер 231 млрд 179 млн теңгеге азайса, салыққа жатпайтын түсімдер 16 млрд 9 млн теңгеге ұлғайған және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 11 млрд 750 млн теңгеге азайды. Басты жаңалық Үкімет ұсынған заң жобасында 6 трлн 99 млрд теңгені құрайтын республикалық бюджеттің шығыс бөлігінен 159,6 млрд теңгеге шегеру жоспарланған. Ағымдағы жылы бюджет тапшылығы 870,6 млрд теңге шамасында жоспарланыпты. Бұл қазіргі қолданыстағы бюджетке қарағанда 85 млрд 397 млн теңгеге ұлғая отырып, ЖІӨ-нің 2,5 пайызын құрайды.
Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық бюджетінің жалпы көлемі – 342 908,8 млн теңгені құрап, 2013 жылғы бекітілген бюджетімен салыстырғанда 107683,4 млн. теңгеге немесе 45,8 % өсті. Оның ішінде, өзіндік кіріс көлемі 14 654,8 млн. теңгені құрап, 2013 жылғы бекітілген бюджетімен салыстырғанда 612,3 млн. теңгеге өсті. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер есебінен (оның ішінде 61 569,6 млн. т.г. — ағымдағы нысаналы трансферттер, 40 951,4 млн. т.г. — даму трансферттері, 2 801,0 млн. т.г.- бюджеттік кредиттер) жалпы 105 322,0 млн. т.г. ұлғаюда. Сонымен қатар, жылдың басында пайда болған бюджеттің бос қалдықтарын және аудан, қала бюджеттерінен түсетін өткен жылғы толығымен игерілмеген нысаналы трансферттерді қайтару есебінен 1749,1 млн. теңгеге ұлғаюда.
Жуырда облыста аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық картасы әзірленетін болады. Жасақталған әлеуметтік-экономикалық карта бюджет қаражатын ең қажет деген жобаларға бағыттап, тозығы жеткен әлеуметтік нысандардың жуық арада жөнделуіне ықпал етпек. Одан бөлек, аталған құжат аймақтардың өндірістік әлеуетін дұрыс бағамдап, болжам жасауына мүмкіндік бермек. Аудан, қала әкімдері сәуір айының алғашқы онкүндігіне дейін өз аумақтарының әлеуметтік-экономикалық карталарын жасап, оны облыс әкімдігінде қорғайтын болады. Аталмыш карта жасақталса әрбір ауыл-аймақтың бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелері айқындалып, бюджеттің тиімді игерілуіне жағдай жасалады. Сондай-ақ, бұл құжат әрбір әкімдіктің алдағы екі-үш жылда атқаратын жұмысын жоспарлап, терең әлеуметтік-экономикалық талдаулар жасауына мүмкіндік беретін болады.
Айтпақшы…
Есепке қырымыз жоқ па әлде қолда бар қаражатты ұсата алмаймыз ба, әйтеуір қалдық қаржы жыл сайын «жыр» болады. Әйтпесе, іске асыратын жобалар жоқ дегенге ешкімді сендіре алмайсыз. Осындай да қайбір сарапшылардың «әкімдер алдымен мықты менеджер болуы керек» дегені ойға орала кететіні бар. Билік басына есепке жүйрік, жан-жақты ысылған басшылар келмей, қаражаттың кері қайтқаны — қайтқан.
Жуырда Kapital.kz порталы Қазақстанның ең ірі инвесторларын анықтады. Нидерланды инвестициялар көлемі жөнінен Қазақстанның №1 инвесторы болып табылды. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 1993-2012 жылдарда бұл елден отандық нарыққа 47 млрд АҚШ долларынан астам қаржы салынған. Қаражат таукен өндіру саласына, «жылжымайтын мүлікпен операция, жалға беру мен кәсіпорындарға қызмет» саласына жұмсалды. Екінші орында – Ұлыбритания (24,7 миллиард доллар), ал әлемнің ең ірі инвесторы саналатын Қытай – (18,2 миллиард доллар) – үшінші орында. Ал Қазақстан АҚШ-қа – 45,6 миллиард доллар, Ұлыбританияға 16,8 миллиард доллар, Нидерланды 16,2 миллиард доллардың инвестициясын бағыттаған.
Ал ОҚО бойынша ірі көлемдегі инвестиция Германия елінен тартылмақ. Аймақ басшылары мен германиялық «Rromodis Energy» компаниясының жетекшілері «Оңтүстік Грин Энерджи» бірлескен кәсіпорнын құру туралы құрылтай құжаттарына қол қойды. 300 жылдық тарихы бар «Rromodis Energy» компаниясы негізінен фотоэлектрикалық станcа, биогаздық қондырғы сияқты жаңғыртылатын энергия көздерінен қуат алатын нысандар салумен айналысады. Қазір облыс 50% энергия тапшылығын сезініп отыр. Қыста 230 мегават, жазда 175 мегават сырттан тасымалданады. Осы олқылықтың орнын толтырып қана қоймай, бірлескен жоба аясында қала мектептерінде күн батареяларын, көшелер мен саябақтарда қуат үнемдегіш шамдар орнату жоспарлануда.
Мақпал РЫСБАЕВА