«Ақтастықтар» наразылыққа шықты

"Ақтас" шағынауданында 60-тан аса түтін бар
"Ақтас" шағынауданында 60-тан аса түтін бар
«Ақтас» шағынауданында 60-тан аса түтін бар

Шымкентте ауыз судан тарыққан жұрт наразылыққа шықты. Облыс әкімдігінің алдына жиналған «Ақтас» шағынауданының тұрғындары алты жылдан бері құрғақ уәдеден шаршадық деп отыр. Алпысқа тарта түтіні бар оралмандар ауылында тіпті көгілдір отын да, жарық та жоқ екен. Сондай-ақ жол да салынбаған. Жағдайы тығырыққа тірелген қауым плакат ұстап, облыс әкімімен кездесуді сұранды.

«Ақтас» шағынауданының тұрғындары күнделікті азын аулақ суды үнемдеуге тырысады. Өйткені екі жүзден аса халық тұратын елді мекенде тіршілік нәрі жоқтың қасы. Аптап ыстықта тіптен қиын.

МЕЙРАМ САПАРОВА, «АҚТАС» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Судың өзі аптасына бір келеді. Оның өзі жетпей қалады. Осындай күннің ыстығында жетпей сусыз қалып кететін де күндеріміз болады».

Алты жыл бұрын Өзбекстаннан келген екі жарым мың азаматқа осы жерден жер телімін берілген. Бірақ, содан кейін жергілікті билік өкілдері ат ізін салмапты. Ақтастықтар күн батса, қараңғы түнекте қалады. Жарық береміз деген шаһар басшылары уәдесін ұмытып кетсе керек.

АҚМАРАЛ МЫРЗАҚҰЛОВА, «АҚТАС»  шағынауданының тұрғыны: «Түсте тамақ істесек, тамағымыз кешке дейін ашып кетеді. Май алып келсек майларымыз кеседе тұр. Су болып ағып».

Ал, көгілдір отын мен жолдың қашан салынатыны да белгісіз. Жағдайдың жоқтығынан өзгелер үй салуды тоқтатып қойыпты. Мұндағы жұрт жылдар бойы биліктен көмек сұрағанымен нәтиже болмаған.

УБАЙДУЛЛА МАЙДЫБЕКОВ, «АҚТАС» шағынауданының тұрғыны: «Қала әкіміне екі рет-үш рет кірдім. Одан басарларына кірдім. Ешқандай бізге не жоқ. Көмек те нәтиже де жоқ».

Шыдамы таусылған халық бүгін қолдарына шағымдарын жазып алып, облыс әкімдігінің алдына бірақ келді. Мұндай боларын күтпесе керек әкімдіктегілер алғашқыда абдырап қалды. Ақтастықтар облыс басшысын кездесуге шақырды.

Көп ұзамай айтқандары орындалып, әкім де келді.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: «Проблеманы шешіп бер. Мен акиматтың алдына келіп, плакатпен айқайлаймын. Прессаны жинап алып, Олай мәселе шешілмейді. Осындай әлеуметтік мәселелері бар елді мекендер жеткілікті. Бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты оның бәрі жоспарлы түрде шешіліп жатыр».

Асқар Мырзахметовтың сөзінше, «Ақтасқа» келер жылы жарық беріледі. Ол үшін 150 млн теңге бөлініп те қойылған. Ал ауыз су құбырларын тамызға дейін тартамыз деп шешіпті. Бұл жұмыстардың барлығын жаңадан тағайындалған шаһар басшылығына қадағалауды тапсырды. Осылайша жұрт бүгін тағы бір уәдені естіп тарқасты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YmZVb_Syc1A[/youtube]